Жетісу облысында жүздеген мұғалімнің ақшасы желініп келген: қарыз мөлшері 72 млн теңгеге жеткен
Прокурорлар араласқаннан кейін ғана қарыз толық өтелді
Жетісу облысында жүздеген мұғалімнің ақшасы желініп келгені, қарыз мөлшері 72 млн теңгеге жеткені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокурорлар араласқаннан кейін ғана 492 педагогке 72 млн теңге берешек төленді.
Панфилов ауданының прокуратурасы жүргізген талдау барысында аудандық білім бөлімі тарапынан мұғалімдердің іссапар шығындары бойынша 72 млн теңге сомасында берешекке жол берілгені анықталды.
Өтемақылардың уақытылы төленуі азаматтардың еңбек құқықтарын қамтамасыз етудің міндетті шарты екенін ескере отырып, аудан прокуратурасымен уәкілетті органның атына прокурорлық қадағалау актісі енгізілді.
«Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде аталған берешек толықтай өтелді. 492 педагог тиісті төлемдерін толық көлемде алды.
Білім беру саласы қызметкерлерінің құқықтарын қорғау прокуратура органдары қызметінің басым бағыты болып қала береді. Жетісу облысының прокуратурасы жұмысшылар алдындағы барлық әлеуметтік кепілдіктердің уақтылы орындалуы бөлігінде еңбек заңнамасы нормаларын қатаң сақтау қажеттігін ескертеді», – делінген прокуратура хабарламасында.