Қызылорда жастары табиғатты қорғауға үлес қосты
Тазалық акциясына 50-ге жуық студент қатысты
ReStart жобасы еліміздің 10 өңірін қамтып, студенттер арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қалдықтарды бөлек жинау қағидаларын насихаттауға және жастар арасында тұрақты экологиялық тәжірибелерді дамытуға бағытталған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қызылорда қаласында ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен, «Жасыл экономика» және G-Global-ды дамыту коалициясы» ЗТБ жүзеге асырып жатқан ReStart жобасы аясында алғашқы көшпелі эко-сенбілік өтті.
Алғашқы сенбілікке Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің шамамен 50 студент-эковолонтері қатысып, экологиялық акцияға белсенді түрде атсалысып, қаланың қоршаған ортасын жақсартуға өз үлестерін қосты. Іс-шараға сондай-ақ «Жасыл экономика» коалициясының өкілдері, қала әкімдігі мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Сенбілік бағдарламасы университет аумағында қатысушыларды жинап, іс-шара өтетін орынға барудан басталды. Ашылу рәсімі ресми түрде өтіп, модератор – экологиялық сарапшы әрі экотренер Әсем Сағатқызы сөз сөйлеп, ReStart жобасының мақсаттары мен жастар арасындағы экосемлогиялық бастамалардың маңызын атап өтті.
Қызылорда қаласы әкімдігінің өкілі Ерлан Онласынов студенттердің мұндай бастамаларға қатысуының маңызын және жобаның қалалық ортаны дамытуға қосатын үлесін ерекше атап өтті.
Қатысушыларға қажетті инфрақұрылым – көлік, биоәжетханалар және жиналған қалдықтарды уақытылы шығару қамтамасыз етілді. Әкімдік пен бөлім қызметкерлері тек ұйымдастырушылық қолдау көрсетіп қана қоймай, сенбілікке тікелей қатысып, экологиялық жағдайды жақсартуға деген жеке қызығушылықтарын танытты.
Бағдарлама аясында «Пластикті бақылауда ұстау: студенттердің тұрақты болашаққа арналған практикалық қадамдары» тақырыбында экотренинг өтті. Қатысушылар Zero Waste қағидаларымен, пластикті сұрыптау ережелерімен және экологиялық мінез-құлық бойынша ұсыныстармен танысты. Іс-шараның негізгі бөлігі аумақты тазалауға арналды, мұнда қалдықтарды бөлек жинауға ерекше назар аударылды. Нәтижесінде жиналған пластик өлшеніп, бұл көрсеткіш жоба аясындағы жоғары оқу орындарының жалпы есебіне енгізіледі.
Қызылордадағы алғашқы сенбілік ReStart жобасының маңызды кезеңі болып, студенттердің экологиялық күн тәртібіне жоғары деңгейде тартылғанын көрсетті. Алда Қазақстанның басқа өңірлерінде де сенбіліктер өткізу жоспарланып отыр, бұл бастаманы кеңейтіп, қалалардың дамуына елеулі үлес қосуға мүмкіндік береді.