Түркістан облысының әкімі Төреғали Төреәлімен рухани жобалар туралы ақылдасқан
Әншінің жобалары әлеуметтік желіде насихатталады
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров осыған дейін белгілі продюсер Жанат Мұқанов пен танымал әнші Төреғали Төреәлімен кездескен еді. Төреғали Төреәлі Түркістанға қоныс аударғаны белгілі, деп жазады Azattyq Rýhy.
Осы кездесу жайлы әкімдіктің ресми парақшаларында бірнеше видео таралғаннан кейін біз Түркістан облысының әкімдігіне ресми сауал жолдап, продюсер мен әншіні әкім нақты қандай себеппен қабылдап, не туралы сөйлескенін сұраған едің.
Облыс әкімдігі хабарлағандай, кездесуде өңірдің мәдени өркендеуіне қатысты жобаларды талқылап, креативті индустрияларды дамыту бағытында пікір алмасқан.
«Болашақта бірлесе отырып, Түркістанның рухани, туристік әлеуетін арттыру бағытында атқарылатын жобалар пысықталды. Өнер иелерімен бірге атқарылатын жобалар мен концерттер нақтыланған жағдайда әлеуметтік желілер арқылы насихатталады», - делінген сауал жауабында.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан бірнеше жыл бұрын Төреғали Төреәлі есірткіге мас күйде көлік жүргізіп бара жатқан жерінен полиция қызметкерлеріне ұсталып, жүргізуші куәлігінен айырылған болатын. Кейін Ақтауда жеке концертін берген Төреғали Төреәлі сахнада көңіліне жақпай қалған дүниені атап, сол үшін домбырасын шешіп, термесін орындамай қойған. Ал, продюсер Жан Мұқаев әнші Төреғали Төреәлі мас күйде шу шығарған соң, онымен әріптестігін тоқтатқанын да мәлімдеген еді.