БҚО-да полиция мас адамның бір топ туысын қол-аяғын қайырып, ұстап әкетті (ВИДЕО)
Олар полицияның заңды талабына бағынбай, жұмысына кедергі келтірген
Ақсай қаласында мас азаматты қорғауға тырысқан бір топ адам полиция талаптарына бағынбай, агрессия танытқан. Барлығы ұсталып, жауапқа тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желілерде Ақсай қаласында полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамаған және агрессивті мінез-құлық танытқан бір топ азаматтың қатысуымен болған бейнежазба таралып жатыр.
Оқиға 29 наурыз күні шамамен сағат 05:00-де болған. Азаматтың өтініші негізінде полиция қызметкерлері мас күйдегі ер адамға қатысты тиісті шаралар қабылдаған. Тексеру барысында оның таныстары өзін өрескел ұстап, полиция қызметкерлерінің заңды әрекеттеріне кедергі келтіріп, талаптарын елемеген.
Мас күйдегі құқық бұзушы 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Агрессия танытып, қарсылық көрсеткен өзге азаматтарға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Барлық тұлға анықталып, ұсталды.
«Назар аударыңыздар: полиция қызметкерлеріне қысым көрсету, арандату және заңды талаптарды әдейі орындамау әрекеттері қатаң әрі принципті түрде тоқтатылады.
Егер сіз полиция қызметкерлері тарапынан заңбұзушылық болды деп санасаңыз, бұл туралы «102» нөміріне немесе ІІМ-нің өзіндік қауіпсіздік қызметіне 1402 нөмірі арқылы хабарлауды сұраймыз. Әрбір қатысушының әрекетіне толық құқықтық баға беріледі.
Азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және жалған не бұрмаланған мәліметтерді таратудан бас тартуға шақырамыз», – делінген облыстық ПД хабарламасында.