$ 491.59  572.16  6.24
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ақ түтек боран Павлодарды әбігерге салды: жол апаттары көбейіп, бір аудан жарықсыз қалды

Дүлей дауыл салдарынан бірнеше адам жараланып, Баянауыл ауданындағы мыңдаған абонент электр қуатынсыз отыр

Ақ түтек боран Павлодарды әбігерге салды: жол апаттары көбейіп, бір аудан жарықсыз қалды
Фото: istockphoto.com

Павлодар облысында бүгін түстен кейін күшейген ақ түтек боран салдарынан жол апаттары жиілеп, бір аудан жарықсыз қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық жедел жәрдем стансасының мәліметінше, қолайсыз ауа райы басталғалы өңірде кемінде 4 ірі жол-көлік оқиғасы тіркелген. Павлодар – Ақсу автожолындағы жаңа көпірде 5 көлік соқтығысып, 1985 жылғы ер адам жарақатпен Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілді. 1969 және 1981 жылы туған азаматтар медициналық тексеруден бас тартқан.

Шарбақты көпіріндегі тағы бір жол апатынан кейін шамамен 40 жастағы ер адам ми шайқалуымен ауруханаға түсті. Ал облыс орталығындағы жол апатында 4 адам зардап шегіп, 1987 жылғы әйел Павлодар қалалық №1 ауруханасына жатқызылды.

Сонымен қатар қала көшелерінің бірінде 37 жастағы ер адамды постамат басып қалып, ол травматологиялық пунктке жеткізілген.

Дүлей боран салдарынан Баянауыл ауданы толықтай жарықсыз қалды. Аудан әкімі Ардақ Кісентаевтің мәліметінше, тек Майқайың кентінде ғана электр қуаты бар. Аудан бойынша шамамен 8 мың абонент тіркелген. Алдын ала болжам бойынша, Майқайың мен Баянауыл арасындағы электр желілерінің бірінде үзілу болған.

Қауіпсіздік мақсатында жөндеу бригадалары әзірге жұмысқа жіберілмеген. Мамандар ауа райы тұрақталғаннан кейін ғана ақауды қалпына келтіруге кіріседі.