Жаңа Конституция Әділетті Қазақстанның іргетасы болады – Арман Қырықбаев Алматы жастарымен кездесті
Қалада 35 жоғары оқу орны мен 88 колледж жұмыс істейді
Алматыда қаланың жоғары оқу орындарының студенттері мен Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат және коммуникациялар мәселелері жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаевтың кездесуі өтті. Ашық диалог барысында мемлекеттік жастар саясатын іске асыру, жастардың өзін-өзі дамыту мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ конституциялық реформаның негізгі ережелері мен алдағы республикалық референдумның маңызы талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесуді ашқан Арман Қырықбаев Алматының дәстүрлі түрде еліміздің түкпір-түкпірінен жастарды тартатын басты орталықтардың бірі екенін атап өтті.
«Алматы бұрыннан жастар қаласы саналады. Білім алуға, кәсіби өсуге және өз өмір жолын табуға еліміздің барлық өңірінен ең талантты әрі мақсаты нық жастар осында келеді. Бүгінде Алматының әрбір үшінші тұрғыны жастар санатына жатады –қалада 712 мыңға жуық жас тұрады. Сапалы білім алуға, өз идеяларын іске асыруға және табысты мансап құруға ұмтылатындар үшін Алматыда барлық жағдай жасалған», – деді ол.

Оның айтуынша, Алматы елдің ең ірі білім беру орталығы. Қалада 35 жоғары оқу орны мен 88 колледж жұмыс істейді, онда 300 мыңға жуық студент білім алып жатыр. Бұл ретте 145 мыңнан астам студент Қазақстанның басқа өңірлерінен келген, бұл қаланың елдегі негізгі білім мен жастар орталығы деген мәртебесін растайды.
Кездесуде конституциялық реформа мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушыларға жалпыхалықтық референдумға шығарылатын жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері түсіндірілді.

«Референдумға ұсынылған жаңа Конституция – адам, оның құқықтары мен мүмкіндіктері жоғары құндылық саналатын Әділетті Қазақстанды құрудың іргетасы болады. Бұл мемлекет дамуының маңызды кезеңі, ол билік институттарын нығайтуға, басқару тиімділігін арттыруға және елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Президент көмекшісі.
Жаңа Конституция жобасы сарапшылардың кең ауқымы мен қоғам өкілдерінің қатысуымен әзірленгені айтылды. Конституциялық комиссияның құрамына 130-ға жуық маман – заңгерлер, бизнес өкілдері, азаматтық қоғам, ғылыми және сарапшылық қоғамдастық өкілдері, Парламент депутаттары мен мемлекеттік қызметшілер кірді. Сонымен қатар, e-Otinish және eGov порталдары арқылы азаматтардан 10 мыңнан астам ұсыныс пен ескерту түскен.
Кездесу соңында Арман Қырықбаев жастарды елдің қоғамдық өміріне белсенді қатысуға және мемлекеттің болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның болашағы жастардың қолында екенін үнемі айтып келеді. Алдағы онжылдықтарда елді құру және дамыту сіздердің еншілеріңізде. Сондықтан сапалы білім алып, өз әлеуетіңізді іске асырып қана қоймай, мемлекет болашағы үшін жауапкершілікті сезінетін белсенді азамат болу маңызды», – деді ол.
Оның сөзінше, алдағы референдум ел дамуының маңызды белесі болмақ.
«15 наурызда азаматтар Қазақстанның алдағы даму жолын айқындайтын шешім қабылдауға тиіс.Бұл жай ғана саяси рәсім емес, әділетті, қуатты және заманауи мемлекет құру жолындағы маңызды қадам. Жастар бұл сәттің маңыздылығын сезініп, салмақты әрі жауапты таңдау жасайтынына сенімдімін», – деді Арман Қырықбаев.
Кездесу барысында студенттер білім беруді дамыту, цифрлық технологиялар, жастар кәсіпкерлігі және жастардың елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысуы туралы сұрақтар қойды.