Елімізде жүргізуші куәлігін беру тәртібі күшейтілді
Оқудан өтпей-ақ куәлік алу деректері жойылады
Қазақстанда автомектепті аяқтағаны туралы сертификаттар толықтай электронды форматқа көшірілді. Бұл қадам жалған құжат жасау мен оқудан өтпей-ақ куәлік алу деректерін жоюға бағытталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
ІІМ жүргізушілерді даярлау ережелеріне өзгеріс енгізіп, арнайы «Автомектеп» ақпараттық жүйесін іске қосты. Енді әрбір оқу тобы мен курсқа қатысушылардың есебі осы цифрлық платформада жүргізіледі.
Жаңа жүйенің негізгі артықшылықтары:
Сәйкестендіру нөмірлері бар электронды сертификаттар қағаз нұсқаны толық алмастырды.
Оқу мерзімін жасанды түрде қысқартып, курсты өтпеген адамға құжат беру техникалық тұрғыдан бұғатталған.
Мемлекеттік жүйе қазірдің өзінде «Avtomektep.kz» сияқты жекеменшік кәсіби платформалармен біріктірілген.
Онлайн-курстарға сенуге бола ма?
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде «жүргізуші куәлігіне жеделдетілген қашықтан оқыту» туралы жарнамалар көбейген. Алайда Ішкі істер министрлігі бұл қызметтердің заңсыз екенін ескертеді.
«Азаматтар автомектептерде толық оқу курсынан өтуі тиіс. Әсіресе, көлікті басқару дағдыларын қалыптастыратын практикалық сабақтарды қашықтан отырып меңгеру мүмкін емес», — деп мәлімдеді ведомство өкілдері.