Кеген ауданында жемқорлардан қайтарылған ақшаға медициналық нысан салынды
Медициналық нысан Алғабас ауылының 500 тұрғынына арналған
Жемқорлардан мемлекетке қайтарылған қаражат Алматы облысындағы әлеуметтік нысандардың құрылысына бағытталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кеген ауданының Алғабас ауылында заңсыз иеленілген активтерді қайтару жұмысы аясында мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен жаңа медициналық пункт пайдалануға берілді.
Салтанатты ашылу рәсіміне Кеген ауданының әкімі мен прокуроры қатысты.
«Медициналық пункт ауылдың шамамен 500 тұрғынына қызмет көрсетуге арналған және алғашқы медициналық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз етіп, ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға үлес қосады», – делінген прокуратура хабарламасында.
Жобаның іске асырылуы прокуратура органдары жұмысының тиімділігін және мемлекетке қайтарылған қаражаттың халық игілігі үшін мақсатты түрде жұмсалып жатқанын айқын көрсетеді.