Димаш Құдайберген Михаил Шайдоровқа темір тұлпар сыйлады
Көліктің құны – 37,3-37,8 миллион теңге аралығында
Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровқа берген уәдесін орындап, көлік сыйлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Sports.kz-ке сілтеме жасап.
Instagram желісіндегі Qumash парақшасында Милан мен Кортинада өткен Олимпиада ойындарының жеңімпазына арналған автокөліктің суреттері жарияланды. Қара түсті Hyundai Palisade көлігі ұлттық нақыштағы графикамен безендірілген. Көлік шанағында «Мишабай, жеңісің құтты болсын!» және «Қазақстан мақтанышы» деген жазулар бар. Сондай-ақ автокөліктің Милан мен Кортинадағы Олимпиада ойындарының чемпионына арналғаны көрсетілген.
2026 жылдың ақпан айындағы дерек бойынша, Hyundai Palisade көлігінің люкс жиынтықтағы орташа бағасы 37,3-37,8 миллион теңге аралығында.
13 ақпанда ерлер арасындағы мәнерлеп сырғанаудан қысқа және еркін бағдарламалардың қорытындысы бойынша Михаил Шайдоров сенсациялық түрде Олимпиада чемпионы атанды. Ол өнер көрсету барысында Димаш Құдайбергеннің орындауындағы әнді пайдаланған. Сол күні әнші қазақстандық спортшыға видеоүндеу жолдап, оған темір тұлпар сыйлайтынын мәлімдеген еді.