Елде су тасқынына қарсы ауқымды дайындық басталды
Астана мен Алматыдан бастап Құлсарыға дейін – өңірлерде эвакуация, бөгет бекіту, әуе барлау және теміржол арқылы техника жөнелту алгоритмдері пысықталды
Елімізде көктемгі су тасқынына дайындықты күшейту мақсатында «Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы жалғасуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқу-жаттығу Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында өткізілуде. Негізгі мақсат – төтенше жағдайлардың алдын алу, су тасқыны салдарын жою алгоритмдерін нақтылау және азаматтық қорғау күштерінің өзара іс-қимылын үйлестіру.
Астанада тактикалық-арнайы оқу-жаттығулар 6 ауданда өтті. Сценарий бойынша күннің күрт жылынуы мен қардың қарқынды еруі салдарынан тұрғын алаптар мен инфрақұрылым нысандарына су басу қаупі төнген. Жедел штаб құрылып, эвакуация ұйымдастырылды, зардап шеккендерді қабылдау пункттері әзірленді. Инженерлік техника, жүзу құралдары мен сорғы жабдықтарының дайындығы тексерілді. Жалпы 269 адам мен 104 бірлік техника жұмылдырылды.
Алматы қаласында су тасқынының алдын алу және салдарын жою шаралары пысықталды. Қауіпті аймақтан көшірілген тұрғындарға арналған уақытша орналастыру пункттері ашылып, олар жатын орынмен, тамақпен және психологиялық көмекпен қамтамасыз етілді. Қала аумағындағы өзен арналары мұз бен қоқыстан тазартылып, арық жүйелері ретке келтірілді.
Шымкентте мол жауын-шашын мен қар еруінен өзен арналары бітеліп, су деңгейі көтерілген жағдай модельденді. Арналарды механикалық тазалау, бұру, жағалауды бекіту, дамбаларды қаптармен нығайту, көпір асты кеңістіктерін тазалау жұмыстары атқарылды. Сондай-ақ өзге өңірлерге инженерлік техниканы теміржол платформалары арқылы жөнелту тетігі іс жүзінде тексерілді.
Алматы облысы Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында облыстық ТЖД мен №28237 әскери бөлімнің жеке құрамы жұмылдырылды. 500–600 метр арық жүйесі тазартылып, кеңейтілді. Бұл 25 тұрғын үй мен мектепті су басу қаупін азайтуға бағытталған. Тағы бір учаскеде 130 үйді қорғау үшін еріген суды жинайтын қазаншұңқыр қазылды.
Ақтөбе облысында өзен арналары мен каналдар тазартылып, су тасқыны қаупі бар аумақтардан қар шығарылды. Тамды өзенінде 60 тонна болатын 2 бетон плита бөлшектеліп, ескі өткел бұзылды. Сазды өзенінде мұз кесу жұмыстары жүргізілді. Облыс бойынша 60 практикалық іс-шара өтті, оның 9-ы Ақтөбе қаласында ұйымдастырылды. Әуе барлау жүргізіліп, ҚР ТЖМ 20982 әскери бөлімінің күштері саптық тексеруден өтті.
Атырау облысы Жылыой ауданының Құлсары қаласында 2 күн бойы эвакуация, жаға бекіту, бөгетті нығайту және мұз астына түскен көліктен адамдарды құтқару сценарийлері пысықталды. Уақытша орналастыру пункттерінің дайындығына басымдық берілді.
Батыс Қазақстан облысында Шаған өзенінде шартты түрде суға батқан автокөлікті шығару жаттығуы өтті. Құтқарушылар автокран арқылы көлікті жағаға шығарып, экологиялық қауіпсіздік шараларын сақтады.
Қарағанды облысында күштерді қайта топтастыру үшін автоколонналар жасақталып, олардың бірі Солтүстік Қазақстан облысына жіберілді. Сонымен қатар техника теміржол платформаларына тиеліп, шартты түрде зардап шеккен өңірлерге жөнелтілді. Абай ауданындағы «Огороды» бөлімшесінде қорғаныш бөгені нығайтылып, халық эвакуацияланды.
Қостанай облысы Қарасу ауданы Новоселовка ауылында су бұру каналы мен Құндызды өзенінің деңгейі көтерілген сценарий қарастырылды. 115 тұрғын үй, автожолдар мен инфрақұрылым нысандары шартты түрде су астында қалды, 30-дан астам электр желісі тіректері шайылды. Елді мекеннің бір бөлігі оқшауланып, тұрғындар эвакуацияланды. «112» арқылы құлақтандыру, авиациямен көшіру, алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсету іс-қимылдары пысықталды. «Казавиаспас» тікұшағы арқылы мұз астына шартты түрде түсіп кеткен 3 балықшы құтқарылды.
Жалпы оқу-жаттығу аясында өңірлерде бөгет тұрғызу, жағалауды бекіту, дамба нығайту, су сорып шығару, электр желілерін қалпына келтіру және ауыл шаруашылығы жануарларын қауіпсіз аймаққа айдау жұмыстары кешенді түрде атқарылды.
«Көктем-2026» оқу-жаттығуы су тасқыны кезеңіне дайындықты күшейтіп, ведомстволар арасындағы үйлесімді әрекетті нақтылауға бағытталған.