$ 501.75  591.96  6.52
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Аяз қыспағы: бірнеше облыста республикалық жолдар уақытша жабылды

Қарағанды, Ұлытау, Абай, Шығыс Қазақстан және Павлодар өңірлерінде қозғалыс шектелді

Аяз қыспағы: бірнеше облыста республикалық жолдар уақытша жабылды
Фото: istockphoto.com

Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты республикалық маңызы бар автожолдардың бірнеше учаскесінде қозғалысқа шектеу қойылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2026 жылғы 26 ақпан сағат 20:00-ден бастап жолаушылар рейстік автобустары мен дизельді қозғалтқышы бар автокөліктер үшін уақытша шектеу енгізілді. Шектеу қатты аяз салдарынан жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған.

Қарағанды облысында Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Шидерты KAZ14 автожолының 788–906 шақырымы Ұлытау облысының шекарасы мен Топар ауылы аралығы және 970–1135 шақырымы Қарағанды қаласы мен Павлодар облысының шекарасы аралығы жабылды.

Ұлытау облысында осы бағыттағы KAZ14 автожолының 756–788 шақырымы Жаңаарқа ауылы мен Қарағанды облысының шекарасы аралығында қозғалыс тоқтатылды.

Абай облысында бірнеше бағытта шектеу енгізілді. Атап айтқанда:
ҚХР шекарасы – Майқапшағай – Зайсан – Қалбатау – Семей – Павлодар – РФ шекарасы KAZ07 автожолының 587–1002 шақырымы Павлодар облысының шекарасы мен Көкпекті ауылы аралығы;
Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы KAZ08 автожолының 778–1013 шақырымы Аягөз қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының шекарасы аралығы;
Семей – РФ шекарасы KZ18-02 автожолының 2–113 шақырымы;
Семей – Қайнар KZ18-01 автожолының 8–284 шақырымы;
Өскемен – Семей KAZ21 автожолының 103–198 шақырымы Шығыс Қазақстан облысының шекарасы мен Семей қаласы аралығы;
Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Боғас KAZ15 автожолының 528–941 шақырымы Баршатас ауылы мен Боғас ауылы аралығы.

Шығыс Қазақстан облысында Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы KAZ08 автожолының 1013–1062 және 1104–1212 шақырымдары;
Өскемен – Семей KAZ21 автожолының 12–103 шақырымы Қазачье ауылының бұрылысы мен Абай облысының шекарасы аралығы;
ҚХР шекарасы – Майқапшағай – Зайсан – Қалбатау – Семей – Павлодар – РФ шекарасы KAZ07 автожолының 1103–1256 шақырымы;
Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары KZ16-01 автожолының 7–249 шақырымы Ушановское ауылы мен Үлкен Нарын ауылы аралығында қозғалыс шектелді.

Павлодар облысында ҚХР шекарасы – Майқапшағай – Зайсан – Қалбатау – Семей – Павлодар – РФ шекарасы KAZ07 автожолының 426–587 шақырымы Кенжекөл кенті мен Абай облысының шекарасы аралығында уақытша жабылды.

Жауапты қызметтердің мәліметінше, барлық аталған учаскелерде қозғалысты 27 ақпан сағат 08:00-де қайта ашу жоспарланып отыр.

Жүргізушілерге жолға шығар алдында ауа райы болжамын нақтылап, көліктің техникалық жағдайын тексеріп, қауіпсіздік талаптарын сақтау ұсынылады.