Оралда блогер шенеуніктерден ақша бопсалап, оны букмекерлік кеңседе ұтылып қалған
Блогер осы қылмысы үшін 3 жылға сотталды
Орал қалалық соты 43 жастағы блогер Айболат Букеновке қатысты үкім шығарды. Ол алаяқтық, бопсалау және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру баптары бойынша кінәлі деп танылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Мой город» басылымына сілтеме жасап хабарлады.
Тергеу мәліметінше, Букенов әлеуметтік желідегі аудиториясын бопсалау құралы ретінде пайдаланған. Көмек көрсетемін деген желеумен ол жарияланымдардағы сыни материалдарды өшіру үшін лауазымды тұлғалардан ақша талап еткен. Жәбірленушілер арасында БҚО-ның аудан әкімдері, мемлекеттік қызметшілер мен бір депутат бар.
Айыптау нұсқасына сәйкес, алынған қаражаттың бір бөлігін блогер букмекерлік кеңселерде ұтылып қалған. Жәбірленушілердің барлығы келтірілген шығынды өтеуді талап етті. Букенов кінәсін мойындап, ақшаны қайтаруға уәде берген және процестік келісім жасаған.
25 ақпанда өткен сот отырысында жәбірленушілердің басым бөлігі блогерге ең қатаң жаза тағайындауды сұрады. Бұған дейін айыпталушы үйқамақта болған. Үкім жарияланғаннан кейін ол сот залында қамауға алынды.
Сот үкімімен Айболат Букенов орташа қауіпсіздік мекемесінде 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ және апелляциялық тәртіппен шағымдануға болады.