Директордың орынбасары қысым көрсеткен: Атырауда 15 жастағы оқушы қыз жоғалып кетті
Директор орынбасары сыныптастарын қыз баланың үстінен арыз жазуға мәжбүрлегені айтылды
Атырауда «Жайық-Бином» білім беру мекемесінің 15 жастағы оқушысы Інжумаржан Қуанышқызы із-түзсіз жоғалып кетті. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жасөспірімнің анасы Ғалия Тұяққалиеваның айтуынша, қызы жаңа мектепке ауысқаннан кейін қиындықтар басталған. Тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасарымен туындаған келіспеушіліктен кейін оқушыға жүйелі қысым көрсеткен.
e-Otinish порталындағы мәлімдемеге сәйкес, сыныптастарын қыздың үстінен ұжымдық түсініктеме жазуға итермелеген. Отбасына құжаттарын өз еркімен алып кету ұсынылған.
20 ақпанда анасы мектептен қоңырау алған соң барған. Онда оған оқушылардың түсініктемелері көрсетіліп, қызын оқудан шығару талап етілген. Оқушы үйіне оралғанымен, көп ұзамай пәтерден шығып кетіп, қайта оралмаған. Қазіргі уақытта оны іздестірумен құқық қорғау органдары айналысып жатыр.
Сондай-ақ 10-сынып оқушыларының ата-аналары директордың орынбасарының жұмыс әдістеріне қатысты ұжымдық шағым жолдаған. Онда оқушыларды түсініктеме жазуға мәжбүрлеу, сыныпты таратып жібереміз деп қорқыту, телефондарды күні бойы алып қою және ата-аналар чатын бұғаттау деректері айтылған.
Анасы қызының жоғалуын психологиялық қысыммен байланыстырып, мектеп әкімшілігінің әрекеттеріне тексеріс жүргізуді талап етіп отыр. Әзірге білім басқармасы мен мектеп тарапынан ресми түсініктеме берілген жоқ.