Петропавлда әйел адам азаматтық некедегі күйеуін теледидар пультімен ұрып өлтірді
Қайғылы оқиға болған күні екеуінің арасында жанжал болған
Солтүстік Қазақстан облысының орталығында әйел адам бірге тұратын азаматтық некедегі күйеуін теледидар пультімен ұрып өлтірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 7 ақпан күні таңертең Петропавлда болған. Екеуі ішімдік ішіп отырған сәтте араларында жанжал туындап, арты төбелеске ұласқан. Алдын ала дерек бойынша, жанжалды ер адам бастаған. Жауап ретінде әйел адам оны теледидардың пультімен басынан бірнеше рет ұрған.
Келесі күні ер адам ауыр хәлде ауруханаға жеткізілді. Алайда он күннен кейін ол ауыр бас-ми жарақатынан көз жұмды.
Қайғылы жағдайға қатысты облыстық Полиция департаменті агенттік тілшісіне түсініктеме берді.
«Полиция Петропавл қаласының 52 жастағы тұрғынының өліміне әкеп соққан ауыр дене жарақатын келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде. Оқиға 7 ақпанда қаланың жеке үйлерінің бірінде, мән-жайы тергеу барысында анықталып жатқан жағдайда болған. Күдікті ретінде 58 жастағы әйел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жүргізіліп жатыр», – делінген ПД түсініктемесінде.