Қазақстанда заңды өрескел бұзған бірнеше судья жұмысынан қуылды
Жоғары сот кеңесі жанындағы Сот жюриінің кезекті отырысы өтті
Жоғары сот кеңесі жанындағы Сот жюриінің кезекті отырысы өтіп, онда 4 судья тәртіптік жауапқа тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жоғары сот жюриінің қарауына 12 судьяға қатысты 13 тәртіптік материал енгізілді. Бір судьяға қатысты екі тәртіптік материал бір тәртіптік іс жүргізуге біріктірілді.
«Қарау нәтижелері бойынша 4 судья тәртіптік жауаптылыққа тартылды. Олардың ішінде: екеуі – сот ісін қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзғаны үшін (бір судьяға – ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылды, екіншісі – судья қызметінен босатылды), біреуі – судьялық әдеп талаптарын бұзғаны үшін (судья қызметінен босату түріндегі жаза қолданылды), сондай-ақ облыстық соттың сот алқасының төрағасы – лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін (ескерту түріндегі жаза қолданылды).
7 судьяға қатысты тәртіптік іс жүргізу тоқтатылды, оның ішінде төртеуіне қатысты – олардың әрекеттерінде тәртіптік теріс қылық құрамының болмауына байланысты, ал үшеуіне қатысты – құқықтық жағымсыз салдарларға әкеп соқпаған және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бұзуға алып келмеген теріс қылықтың мардымсыздығына байланысты», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, 1 судьяға қатысты тәртіптік материалды қарау кейінге қалдырылды.
Сот жюриінің шешімдері заңды күшіне енген жоқ, себебі судья тәртіптік жазаны Жоғары Сот Кеңесіне шағымдануға құқылы. Судьяларға қатысты тәртіптік рәсім бір мезгілде заңдылық пен кәсіби әдепті сақтауға, сондай-ақ судьяларды ықтимал қысымнан қорғауға және олардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Жоғары сот кеңесінің төрағасы Дмитрий Малаховтың басшылығымен Сот жюриінің жұмысы қайта құрылып, тәртіптік рәсімдердің ашықтығы күшейтілді және адал судьяларды соттар басшылығы тарапынан болуы мүмкін қысымнан қорғау қамтамасыз етілді. Мұндай тәсіл судьялардың тәуелсіздігін нығайтып, олардың конституциялық құқықтарының сақталуына кепілдік береді және тәртіптік материалдарды қарау жүйесіне деген сенімді арттырады.
Жоғары сот кеңесі жанындағы Сот жюриі әрбір материалды объективті әрі бейтарап қарауды, тәртіптік шараларды әділ қолданудың барлық кепілдігін сақтауды және судьялардың конституциялық құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді.