$ 501.26  590.38  6.54
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Шахтинск пен Саран қалаларында жаңа Конституция жобасы өндіріс ұжымдарында талқыланды

Көміршілер мен зауыт жұмысшыларына жаңа Конституция нормалары түсіндірілді

Шахтинск пен Саран қалаларында жаңа Конституция жобасы өндіріс ұжымдарында талқыланды
Фото: referendum2026.kz

Қарағанды облысының Шахтинск және Саран қалаларында «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы мүшелері әлеуметтік сала қызметкерлерімен және өндірістік еңбек ұжымдарымен жүздесті. Кездесу аясында конституциялық өзгерістердің негізгі бағыттары түсіндірілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шахтинск – Қарағанды көмір бассейнінің құрамындағы ірі өнеркәсіптік орталықтардың бірі. Қала экономикасының негізін тау-кен өндірісі құрайды. Кәсіпорындар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Ең алдымен Жалпыұлттық коалиция мүшелері Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Серік Өтешов, Қарағанды облыстық мәслихат депутаты Ерден Халилин, Қазақстан Халық партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Халел Мақсұтов және «AMANAT» партиясы Шахтинск қалалық филиалының төрағасы Алмас Омарбеков «Qarmet» АҚ-ның «Тентек» шахтасының ұжымымен кездесті. Көмір өндіру саласындағы маңызды өндірістік кәсіпорында еңбек және әлеуметтік құқықтарға қатысты өзгерістер кеңінен түсіндірілді. Кездесуге 400-ден астам қызметкер қатысты.

Жиын барысында сенатор Серік Өтешов жаңа Конституция жобасының тұжырымдамалық негіздеріне тоқталды.

«Жаңа Конституция азаматтардың құқығы мен бостандығын нығайтуға, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыруға және әділ басқару жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Оның негізінде адамның мүддесі басымдыққа ие болуы және биліктің ашықтығы қағидалары жатыр. Әлеуметтік кепілдіктер мен қоғамдық бақылау механизмдеріне де ерекше көңіл бөлінді», – деді сенатор.

Сондай-ақ 300-ге жуық әлеуметтік сала қызметкерімен өткен кездесуде Жалпыұлттық коалиция мүшелері жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін, әділдік, заң үстемдігі және мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігі қағидаттарын нығайтуға бағытталған нормаларын жан-жақты талқылады.

Қарағанды облыстық мәслихат депутаты Ерден Халилин конституциялық реформалардың өңірлік даму үдерістеріне серпін беретінін атап өтті.

«Конституциялық өзгерістер өңірлерді дамытуға және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға қосымша мүмкіндіктер туғызады. Олар халықтың өмір сүру сапасын арттыру және әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіруге құқықтық негіз қалыптастырады. Ең маңызды аспект азаматтардың шешім қабылдауға қатысуын кеңейту. Бұл шынайы әділ және прогрессивті мемлекет қалыптастыруға жасалған қадам», – деді ол.

Бұдан кейін коалиция өкілдері Саран қаласында бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорынның ұжымдарымен кездесулер өткізді. Атап айтқанда, «ТЭМПО КАЗАХСТАН» ЖШС, «Silk Road Electronics» ЖШС және «QazTehna» ЖШС қызметкерлерімен мазмұнды диалог ұйымдастырылды.

Кездесу барысында еңбек және әлеуметтік құқықтарға қатысты нормалар түсіндіріліп, өндірістік сала қызметкерлерінің ұсыныс-пікірлері тыңдалды.

Өз кезегінде Қазақстан Халық партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Халел Мақсұтов еңбек ұжымдарымен ашық диалог орнатудың маңызын атап өтті.

«Қоғамдық талқылаулар ауқымды реформаларды іске асыруда маңызды рөл атқарады. Тек ашық диалог арқылы өзгерістердің айқындылығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге болады. Еңбек ұжымдарымен кездесулер арқылы халық сұранысын ескеруге мүмкіндік туады. Мұндай жұмыс форматы қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтуға септігін тигізеді», – деді ол.

Жалпыұлттық коалиция өкілдері алдағы уақытта да өңірлерде түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, азаматтардың ұсыныстарын ескеруге және қоғаммен кері байланысты нығайтуға басымдық береді.