Маймылдың жалғыздығы жұрттың жүрегін елжіретті: макака компанияның сатылымын өсірді
Ойыншық орангутанға сұраныс Жапония, АҚШ және Оңтүстік Кореяда артқан
Жапониядағы зоопаркте дүниеге келген Панч есімді макака IKEA компаниясының ойыншық орангутандарына деген сұранысты күрт арттырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Еuronews мәліметінше, әлеуметтік желіде кең тараған видеолардан кейін компания сатылым көлемінің өскенін растаған. Әсіресе Жапония, АҚШ және Оңтүстік Кореяда ойыншық орангутанға қызығушылық айтарлықтай артқан.
Жапониядағы IKEA президенті Петра Фаре Панчқа өмір бойына жеткілікті ойыншық қорын сыйлаған. Осылайша, зоопарк қызметкерлері «қабылдаушы ана» ретінде берген ойыншық енді кішкентай макаканың тұрақты серігіне айналды. Ойыншықтың бағасы 19,99 доллар шамасында, бұл оны көпшілікке қолжетімді санатқа енгізеді.
Панч 2025 жылғы шілде айында 500 грамм салмақпен туған. Аптап ыстық кезеңінде алғаш рет төлдеген аналық маймыл баласын қабылдамаған. Зоопарк мамандары оны қолдан азықтандырып, аман алып қалған.
Кейін макаканы өзге маймылдар тобы да қабылдамай қойған. Осыдан соң қызметкерлер оған ойыншық орангутанды әкеліп берген. Содан бері Панч ойыншықты жанынан тастамай, үнемі құшақтап жүреді.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнелер қысқа уақыт ішінде миллиондаған қаралым жинап, кішкентай макаканың тағдыры көпшіліктің назарын аударды. Сарапшылардың бағалауынша, жануар мен ойыншық арасындағы эмоционал байланысқа құрылған бұл оқиға тұтынушылық қызығушылықты күшейтіп, брендтің жаһандық сатылымына оң әсер еткен.