Боран мен көктайғақ: «Жезқазған – Арқалық – Петропавл» тасжолының бірнеше бөлігі жабылды
ҚазАвтоЖол 23 ақпан сағат 09:00-ге дейін шектеу сақталатынын мәлімдеді
Ауа райының күрт нашарлауына байланысты 3 облыста республикалық маңызы бар жол учаскелерінде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, шектеу «Жезқазған – Арқалық – Петропавл» автожолының бірқатар бөлігінде енгізілген.
Қостанай облысында қозғалыс км 252 – 377 аралығында, яғни Ұлытау облысының шекарасынан Арқалық қаласына дейінгі бөлікте, сондай-ақ км 340 – 377 аралығында, Арқалық қаласынан Ақмола облысының шекарасына дейін тоқтатылды.
Ұлытау облысында аталған автожолдың км 137 – 252 аралығы, Ұлытау қаласынан Қостанай облысының шекарасына дейінгі бөлігі жабылды. Сонымен қатар км 64 – 137 аралығында, Жезді ауылынан Ұлытау кентіне дейін көлік қозғалысына шектеу қойылды.
Ақмола облысында жолдың км 377 – 552 аралығы, Қостанай облысының шекарасынан Сұрған ауылына дейінгі бөлікте қозғалыс тоқтатылды.
Жол қызметтерінің хабарлауынша, шектеу 23 ақпан сағат 09:00-де алынуы жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жолдардың жай-күйі тұрақты бақылауда, арнайы техника күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Жүргізушілерге алыс жолға шықпау, ауа райы болжамын ескеріп, ресми ақпарат көздерін қадағалап отыру ұсынылады.