Қар тазалау жұмысы қайғымен аяқталды: ШҚО-да арнайы техника жүргізушісі қаза тапты
Оқиға республикалық маңызы бар жолда, техниканы жөндеу кезінде болған
Шығыс Қазақстан облысында жолды қардан тазалап жүрген арнайы техника жүргізушісі көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«ҚазАвтоЖол» компаниясының мәліметінше, қайғылы жағдай 21 ақпан күні Алтай ауданының Северное ауылында тіркелген. Оқиға Өскемен – Алтай – Рахман қайнары бағытындағы республикалық жолдың ең күрделі бөліктерінің бірінде болған. Бұған дейін ауа райының қолайсыздығына байланысты бұл бағытта көлік қозғалысы шектелген еді.
Ресми дерекке сәйкес, жолды қардан тазалау жұмыстары аяқталғаннан кейін арнайы техниканы қарау, жөндеу барысында жазатайым оқиға болған. «Кажсервис» ЖШС-нің Шығыс Қазақстан облыстық филиалында жұмыс істейтін жүргізуші ауыр жарақат алып, жедел жәрдем келгенше көз жұмған.
«Оқиға фактісі бойынша қызметтік тексеру басталды. Арнайы комиссия құрылып, болған жағдайдың мән-жайы мен себептері жан-жақты тексеріліп жатыр. Оқиға орнында құқық қорғау органдары мен прокуратура қызметкерлері жұмыс істеуде. Ақпарат уәкілетті мемлекеттік органдарға, соның ішінде еңбек инспекциясына жолданды. «ҚазАвтоЖол» АҚ, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның Шығыс Қазақстан облыстық филиалы және «Кажсервис» ЖШС-нің Шығыс Қазақстан облыстық филиалы басшылығы қаза тапқан қызметкердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтады», – делінген «ҚазАвтоЖол» АҚ хабарламасында.
Компания өкілдері марқұмның жол саласында 25 жылдан астам еңбек еткенін, тәжірибелі маман болғанын атап өтті. Қаза тапқан қызметкердің отбасына заңға сәйкес материалдық және өзге де қолдау көрсетілетіні хабарланды.