Көшедегі пікір айыппұлға айналды: БАҚ жауапкершілікке тартылды
Басылымға 129 750 теңге айыппұл салынды, құқық қорғаушылар журналистік жанрды сауалнамаға теңеуге қарсы
Қазақстандық “Уральская неделя” басылымы Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі референдум кезеңінде қоғамдық пікірге сауалнама өткізу талаптарын бұзды деп танылып, 129 750 теңге көлемінде айыппұл арқалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құқықтық медиаорталықтың мәліметінше, сот шешімі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 120-бабы негізінде шығарылған. Қала көшелерінде бірнеше тұрғыннан алынған блиц-сұхбат қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнама ретінде бағаланған. Судьяның пайымынша, бұл әрекет сайлау және АЭС құрылысына қатысты референдум кезеңінде қоғамдық пікірге сауалнама өткізу ережелерін бұзу болып саналады.
Құқықтық медиаорталықтың мәліметінше, “Сайлау туралы” Конституциялық заңға сәйкес, қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге кемінде 5 жылдық тәжірибесі бар және Орталық сайлау комиссиясын алдын ала жазбаша хабардар еткен заңды тұлғалар ғана құқылы. Осы талаптардың сақталмауы әкімшілік жауапкершілікке негіз болған.
Алайда үкіметтік емес ұйым бұл нормалардың журналистерге қате қолданылып отырғанын мәлімдеді.
“Алайда бұл талаптар журналистерге қате түрде қолданылып жүр: әлеуметтік желідегі стористегі сұрақтар немесе көшеде өтіп бара жатқан адамдардан алынған сұхбаттар қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнама ретінде бағалануда. Журналистік жұмыстың ерекшелігі мен табиғатын ескерсек, мұндай жанрларды сауалнама деп қарастыруға болмайды”, – деп атап өтті үкіметтік емес ұйым.
Құқықтық медиаорталық бұл жағдай аталған басылымға қатысты алғашқы қысым емес екенін де еске салды. 2024 жылы атом электр станциясын салу жөніндегі референдум қарсаңында сот “Уральская неделя” газетінің бас редакторы Тамара Еслямоваға көшеде АЭС құрылысы туралы сұхбат жүргізгені үшін 30 АЕК көлемінде айыппұл салған.
Бұған дейін Бас прокуратура “қазір 4 заңбұзушылық анықталды, оның үшеуі республикалық референдумға байланысты қоғамдық пікірге заңсыз сауалнама жүргізу фактілері, ал біреуі – осындай сауалнаманың қорытындысын тиісті деректемесіз жариялау” екенін хабарлаған болатын.
Қадағалау органының дерегінше, 2 жағдайда сауалнаманы жеке тұлғалар жүргізген, ал тағы бір жағдайда заңды тұлға Орталық сайлау комиссиясын алдын ала хабардар етпей сауалнама ұйымдастырған.
“Аталған фактілер бойынша прокуратура органдары екі азамат пен бір заңды тұлғаны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 120-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартып, оларға айыппұл салынды. Сондай-ақ бір баспа басылымының иесі қоғамдық пікірге сауалнама нәтижелерін заңда көзделген міндетті деректемелерсіз жариялағаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 120-бабы 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды”, – деп хабарлады бейсенбі күні Бас прокуратура.