$ 494.66  581.87  6.43
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Допинг дауы: Жәнібек Әлімханұлы 1 жылға рингтен шеттетілді

Мелдонийге оң нәтиже тіркелді, титул сақталады

Допинг дауы: Жәнібек Әлімханұлы 1 жылға рингтен шеттетілді
Фото: instagram.com/janibek_alimkhanuly

World Boxing Organization (WBO) орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлын допинг-сынақтың оң нәтижесіне байланысты 1 жылға жарыстардан шеттетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шешім 15 қарашада Калифорнияда алынған сынама қорытындысынан кейін қабылданған. Тест Voluntary Anti-Doping Association (VADA) тарапынан 6 желтоқсанға жоспарланған WBA чемпионы Эрисланди Лараға қарсы біріктіру жекпе-жегіне дайындық барысында алынған. Сынамадан мелдоний табылған. Бұл препарат 2016 жылдан бері World Anti-Doping Agency (WADA) тыйым салынған заттар тізіміне енгізілген.

WBO мәліметінше, дисквалификация 2025 жылғы 2 желтоқсаннан бастап күшіне енеді. Осы мерзім ішінде Әлімханұлы кәсіби де, көрме форматындағы да жекпе-жектерге қатыса алмайды. Алайда оның чемпиондық титулы өзінде қалады.

Дивизиондағы бәсекені тоқтатпау мақсатында WBO уақытша чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек өткізуге санкция берді. Уақытша титул үшін рейтингтің 1-нөмірі Дензел Бентли мен 2-нөмірі Энди Сааведра айқасады.

Шеттету мерзімі аяқталған соң Жәнібек Әлімханұлы уақытша чемпионмен міндетті түрде жекпе-жек өткізуге тиіс. Бұл талап орындалғанға дейін аралық айқастар өткізуге рұқсат берілмейді. Ереже бұзылған жағдайда қосымша санкциялар қарастырылуы мүмкін.

WBO президенті Густаво Оливьеринің айтуынша, Чемпиондық жекпе-жектер комитетінің шешімі бірауыздан қабылданған. Толық қорытынды мен шарттар көрсетілген ресми құжат кейінірек жарияланады.

Осыған дейін боксшының менеджері Берік Сұлтан ресми мәлімдеме жасап, алынған сынамадан тыйым салынған заттың табылғаны өкінішті жағдай екенін, алайда бұл нәтижеге өзге де факторлар әсер етуі мүмкін екенін айтқан еді.