$ 494.66  581.87  6.43
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жаһандық рейтинг жаңарды: Қазақстан ірі экономикалар тізімінде

ХВҚ болжамы: 2026 жылы Қазақстанның номиналды ЖІӨ-і 320 млрд долларға жетеді

Жаһандық рейтинг жаңарды: Қазақстан ірі экономикалар тізімінде
Фото: istockphoto.com

Қазақстан 2026 жылы жалпы ішкі өнім көлемі бойынша әлемнің 50 ірі экономикасының қатарына кірді. Бұл туралы Visual Capitalist сараптамалық платформасы жариялаған рейтингте көрсетілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, 2026 жылы әлемдік экономиканың жалпы көлемі 123,6 трлн долларға жетеді. Әлемдік көшбасшылықты АҚШ сақтап қалады – оның экономикасы 31,8 трлн долларға дейін өседі. Қытайдың ЖІӨ-і 20,7 трлн долларға жетіп, екінші орынды иеленеді. 2021 жылдан бері АҚШ пен Қытай экономикаларының көлемін тиісінше шамамен 9 трлн және 4 трлн долларға ұлғайтқан. Үздік үштікке Германия да кіреді.

Сарапшылар болжамынша, Үндістан 2026 жылы 4-орынға көтеріліп, Жапонияны басып озады. Елдің нақты ЖІӨ өсімі 6,2% деңгейінде болады деп күтілуде. Бұған дейін Үндістан экономика көлемі бойынша Ұлыбританияны да артта қалдырған еді.

Сонымен қатар Австралия Оңтүстік Кореяны ығыстырып, әлемдік рейтингте 14-орынға көтеріледі. Ал Бангладеш экономикасының 4,9% өсімі елді 33-орынға шығарып, Вьетнамды артта қалдыруына мүмкіндік бермек.

Қазақстанның номиналды ЖІӨ-і 2026 жылы 320 млрд доллар деңгейінде болжанып отыр. Осылайша еліміз әлемнің ең ірі 50 экономикасының қатарынан орын алып, рейтингте 50-сатыға тұрақтады.