$ 494.66  581.87  6.43
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Шымкентте жаңбырдан кейін жаңа төселген жол шөгіп кетті

Жаңбырдан кейін ойылған учаске 5 күн бойы ашық жатқан, жөндеу наурыздың соңына дейін аяқталмақ

Шымкентте жаңбырдан кейін жаңа төселген жол шөгіп кетті
Фото: жасанды интеллект

Шымкент қаласы Абай ауданындағы Ақтоғай көшесінде жуырда ғана төселген асфальт жолдың бір бөлігі жауын-шашыннан кейін шөгіп, ойылып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Otyrar мәліметінше, тұрғындардың айтуынша, жаңбырдан соң жол жабындысы бірден отырып, көлікпен де, жаяу да қатынау қиындаған. Асфальттың опырылуы салдарынан жер астындағы су құбырына зақым келіп, жақын маңдағы 2 жеке тұрғын үй бірнеше күн бойы сусыз қалған.

"Жаңбыр қатты жауды. Одан кейін жол бірден шөгіп кетті. Су астындағы шлангіні қысып, үзіп жіберген. Екі көршіміз сусыз қалды", – дейді тұрғындардың бірі.

Тағы бір тұрғын жолдың жарылып, көліктердің өте алмай қалғанын, балалардың мектепке қатынауы қиындағанын айтады. Оның сөзінше, шөккен учаске 5 күн бойы сол күйі жатқан. Тұрғындар әсіресе балалардың ашық жатқан шұңқырға құлап кетуінен қауіптенген.

Қазір опырылған бөліктің асфальты алынып, орны уақытша топырақпен жабылған.

Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, аталған көше 2025 жылдың шілде-тамыз айларында Atash Trans Logistics ЖШС тарапынан салынған. Жол құрылысы барысында, соның ішінде асфальт төсеу және негізін нығыздау кезінде «Ұлттық сапа орталығы» сараптама жүргізген.

Басқарма мамандарының тексеруі нәтижесінде асфальтбетон жабындысының астында бұған дейін кәріз құбырларын төсеу жұмыстары жүргізілгені анықталған. Дәл осы учаскеде топырақтың отыруы салдарынан жол жабыны шөккен.

Құзырлы орган өкілдерінің мәліметінше, ақаулар мердігер компанияның есебінен қалпына келтіріледі. Себебі жол құрылысына 5 жылдан астам кепілдік берілген. Қазіргі уақытта мердігер мекеме жөндеу жұмыстарына дайындықты бастап кеткен.