$ 494.66  581.87  6.43
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Риддерде экологиялық талаптар өрескел бұзылған: «Қазцинкке» 107 млн теңге айыппұл салынды

Тұрғындар шағымынан кейін жүргізілген тексеріс ауыр металдар бойынша шекті мөлшерден асу дерегін растады

Риддерде экологиялық талаптар өрескел бұзылған: «Қазцинкке» 107 млн теңге айыппұл салынды
Фото: istockphoto.com

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы «Қазцинк» ЖШС-ның тау-кен байыту кешенінде экологиялық заңнама талаптарының 5 дерегі бойынша бұзушылық анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жоспардан тыс тексеруге жергілікті тұрғындардың шағымы негіз болған. Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экология департаментінің мамандары кәсіпорынның өндірістік алаңына барып, су мен топырақтан сынамалар алған.

«Зертханалық талдау қорытындысына сәйкес, бірқатар ауыр металдар бойынша рұқсат етілген шектен асу фактілері тіркелді. Тексеру нәтижесінде экологиялық заңнама талаптарын бұзудың 5 фактісі анықталды», — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Зертханалық қорытынды табиғи ортаға түсетін жүктеменің белгіленген нормативтерден асып кеткенін көрсеткен. Аталған деректер негізінде кәсіпорынға заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.

Сонымен қатар 5 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 107 млн теңгеге жуық айыппұл салынды. Қадағалау органы кәсіпорынға экологиялық талаптарды толық әрі уақтылы орындау міндетін жүктеді.

Өнеркәсіптік аймақта орналасқан өндіріс орындарына қатысты қоғамдық бақылаудың күшеюі – қоршаған ортаның қауіпсіздігі мен тұрғындардың денсаулығын қорғаудағы басты тетік. Риддердегі жағдай да экологиялық талаптардың сақталуы тек формалды міндет емес, нақты жауапкершілік екенін тағы бір мәрте көрсетті.