Алматы облысында 20-25 ит әйел адамды талап тастады (ВИДЕО)
Иттердің иесі анықталды
Алматы облысына қарасты Қарасай ауданындағы Ұмтыл ауылдық округінде 52 жастағы әйел адамды бір топ ит талап тастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған факті бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу басталды.
«Иттердің 52 жастағы әйелге шабуыл жасауы фактісі бойынша полиция қызметкерлері қылмыстық іс тіркеді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен жергілікті атқарушы орган өкілдері жұмыс істеуде.
Жәбірленушіге қажетті медициналық көмек көрсетілді. Оқиғаның мән-жайы анықталып, процессуалдық тексеру жүргізіліп жатыр. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында иттердің иесі болып табылатын 60 жастағы күдікті анықталды.
Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ол заңнамада белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылды», – делінген облыстық ПД хабарламасында.
Желідегі мәліметке сүйенсек, иттердің иесі үйінің аумағында 20-25 ит ұстаған.