$ 489.3  578.94  6.38
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жетісуда жаңа Конституцияның білім мен ғылымға берер кепілдіктері талқыланды

Ғылыми зиялы қауым конституциялық жаңғыруды елдің зияткерлік болашағымен байланыстырды

Жетісуда жаңа Конституцияның білім мен ғылымға берер кепілдіктері талқыланды
Фото: Министрліктің баспасөз қызметі

Жетісу облысында жаңа Конституция жобасы аясында білім, ғылым және инновацияларға берілетін кепілдіктер кеңінен талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өңірдің ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысқан кездесу «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы шеңберінде түсіндіру диалогы форматында өтті.

Іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты. Оның мәліметінше, жаңа Конституция жобасы ел дамуының жаңа парадигмасын айқындайды. Бұл құжатта адам және оның қадір-қасиеті басты орынға шығарылып, зияткерлік әлеует стратегиялық ресурс ретінде белгіленген. Алғаш рет конституциялық деңгейде «білім», «ғылым» және «инновациялар» мемлекеттің жоғары құндылықтарының қатарына енгізілген. Бұл бағыттар жаңа технологиялар мен жасанды интеллект дәуірінде елдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторлар ретінде қарастырылады.

Кездесу барысында Конституция жобасының кең қоғамдық талқылаудан өткені атап өтілді. Ұсыныстар e-Otinish және eGov платформалары арқылы қабылданып, Конституциялық комиссияның жұмысы ашық форматта жүргізілген. Қоғамдық тыңдаулар тікелей эфирде көрсетілген.

Мәжіліс депутаты Никита Шаталовтың мәліметінше, қолданыстағы Конституция 30 жылдан астам уақыт бұрын тарихи өтпелі кезеңде қабылданған. Қазіргі жағдайда құжат елдің ұзақ мерзімді даму міндеттерін айқындауы тиіс. Оның айтуынша, жаңа жоба 10–20–30 жылға арналған тұрақты өркендеудің негізін қалыптастырып, адами капиталдың басымдығын күшейтуге бағытталған. Сонымен қатар ғылым мен инновацияларға сүйену, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайту мәселелері қамтылған.

Адами капиталды дамыту және кадр даярлау тақырыбын Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің басқарма төрағасы – ректоры Болат Тілеп көтерді. Гуманитарлық бағыттағы ұсыныстарды «Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Жетісу облыстық филиалының төрағасы Әміре Әрін ортаға салды. Ал мәдениет саласының ұстанымын Бикен Римова атындағы Қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Сағындық Жұмаділ білдірді.

Талқылауда Конституция жобасында ел мен аумақтың тұтастығы, адам құқықтары мен бостандықтары, зайырлы мемлекет қағидаты, цифрландыру, неке институты, заң мен тәртіп, табиғатты қорғау секілді негізгі принциптердің бекітілуі мемлекет дамуының құқықтық негізін нығайтатыны айтылды. Қатысушылар бұл нормалар азаматтық қоғамның рөлін арттырып, мемлекеттік басқару сапасын жақсартуға ықпал етеді деген пікір білдірді.

Кездесу қорытындысында алдағы референдумда саналы таңдау жасаудың маңызы атап өтілді. Жаңа конституциялық нормалар тек қағаз жүзінде емес, іс жүзінде жұмыс істеп, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді күшейтуі тиіс екені айтылды.