Жүргізуші куәлігі жоқтар жолаушы тасымалдаған: 34 қызметкер жұмыстан шығарылды
Прокуратура тексерісі ондаған заңбұзушылықты әшкерелеп, 34 жүргізуші жұмыстан шеттетілді
Алматыда жолаушылар тасымалдайтын автобус парктерінде өрескел заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қала прокуратурасы жүргізген тексеру нәтижесінде бірқатар жүргізушінің тиісті санаттағы куәлігі болмағаны, кейбірінің көлік басқару құқығынан айырылғаны, тіпті медициналық қарсы көрсетілімдері бола тұра қоғамдық көлік тізгіндегені белгілі болды.
Қадағалау органының дерегінше, жолаушылар тасымалымен айналысу үшін міндетті “D” санатындағы жүргізуші куәлігі жоқ азаматтардың автобус айдауына жол берілген. Сонымен қатар сот шешімімен көлік басқару құқығынан айырылған тұлғалар мен наркологиялық және психиатриялық есепте тұрған адамдардың да қоғамдық көлікке отырған деректері тіркелген.
Тексеру қорытындысы бойынша 15-тен астам автобус паркіне қатысты әкімшілік іс қозғалды. 34 жүргізуші жолаушылар көлігін басқарудан шеттетіліп, олармен жасалған еңбек шарттары бұзылды. Бұдан бөлек, 4 лауазымды тұлға тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қазір наркологиялық және психиатриялық есепте тұрған тұлғалардың жүргізуші куәліктерін сот тәртібімен жарамсыз деп тану мәселесі қарастырылып жатыр.