Өндірістегі тұрақтылық пен заң үстемдігі: Жетісудағы зауытта Жаңа Конституция жобасы талқыланды
Коалиция мүшелері «Қайнар-АКБ» ұжымымен кездесіп, референдумның мәнін түсіндірді
Талдықорғанда «Қайнар-АКБ» ЖШС алаңында Жаңа Конституция жобасы мен алдағы республикалық референдум мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесу «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясы ұйымдастырған түсіндіру жұмыстары аясында өтті.
Іс-шара өндірістік ұжыммен ашық диалог форматында ұйымдастырылды. Қатысушылардың айтуынша, тұрақтылық, еңбек қауіпсіздігі және әділдік ең алдымен зауыт пен өндіріс алаңында айқын сезіледі. Сондықтан конституциялық өзгерістерді еңбек ұжымдары арасында талқылау – қоғамдағы нақты сұранысты ескерудің бір көрінісі.
Кездесуге ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, коалиция төрағасының орынбасары Аида Балаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Руслан Қожасбаев пен Никита Шаталов, Жетісу облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Әсет Қыдырманов және кәсіпорын басшылығы қатысты.

Аида Балаеваның мәліметінше, Жаңа Конституция мәтінінде басты назар адамға, оның құқықтары мен қажеттіліктеріне аударылған. Оның айтуынша, құжат азаматтар мен мемлекеттік органдардың құқықтары мен міндеттері арасындағы тепе-теңдікті нақты айқындап, өзара жауапкершіліктің жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған.
Вице-премьер сондай-ақ Негізгі заңда әр азаматтың еңбек етуге, қауіпсіз жағдайда жұмыс істеуге және әділ еңбекақы алуға құқығы жоғары деңгейде бекітілетінін атап өтті. Кемсітушіліктің кез келген түріне жол бермеу, өндірістік жарақаттануды азайту және еңбекке қабілеттілікті сақтау мәселелері де конституциялық деңгейде қарастырылмақ.
«Қайнар-АКБ» ЖШС директоры Ербол Әжмағамбетовтің айтуынша, мемлекеттік маңызы бар шешімдердің қоғаммен ашық талқылануы сенімді арттырып, жауапты азаматтық ұстанымды нығайтады. Оның дерегінше, коалиция жүргізіп жатқан түсіндіру жұмыстары кездесулер, баяндамалар, БАҚ жарияланымдары мен әлеуметтік желілер арқылы кеңінен қамтылып отыр.

Мәжіліс депутаты Руслан Қожасбаевтың мәліметінше, Жаңа Конституция құқықтық жүйені жаңғыртуға, әділеттілікті күшейтуге және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Құжатта қауіпсіздік пен әлеуметтік кепілдіктерге басымдық берілген.
Әсет Қыдырмановтың пікірінше, жеке меншікке қол сұқпау және заң алдындағы теңдік қағидаттарының бекітілуі жаңа жұмыс орындарының ашылуына, технологиялық жаңғыруға және экономикалық тұрақтылыққа негіз болады. Оның айтуынша, экономикалық тұрақтылық – уақытылы төленетін жалақы мен ертеңгі күнге деген сенім.
Аида Балаеваның мәліметінше, жұмыс берушілер мен мемлекеттік органдардың еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі жауапкершілігі елдің ең жоғары заңнамалық актісі деңгейінде бекітіледі. Бұл азаматтардың құқықтары шектелмейтініне институционалдық кепілдік беруге бағытталған.
Кездесу қорытындысында қатысушылар референдумға дейін түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажет екенін атап өтті. Еңбек ұжымдары арасында ашық талқылау өткізу – қабылданатын шешімдердің қоғамдық қолдауға ие болуының маңызды шарты екені айтылды.