Жүрсін Ерманға “Қазақстанның Халық жазушысы” атағы берілді
24 жылдық үзілістен кейін қайта жаңғырған мәртебелі атақтың иегерлері қатары толықты
Қазақстан жазушылар одағының мәліметінше,ақын, журналист, айтыс өнерінің жанашыры Жүрсін Ерманға “Қазақстанның Халық жазушысы” атағы берілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жүрсін Ерман – қазақ поэзиясы мен ұлттық руханият кеңістігінде өзіндік орны бар қаламгер. Ол қазіргі айтыс өнерін жүйелеп, ұйымдастыру ісіне айрықша үлес қосқан тұлға ретінде танылды. Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың 2 мәрте иегері.
Қазақстан жазушылар одағының дерегінше, 2023 жылдан бастап қайта табыстала бастаған “Қазақстанның Халық жазушысы” атағы соңғы жылдары бірқатар көрнекті қаламгерлерге берілді. 2023 жылы бұл мәртебе Төлен Әбдік, Смағұл Елубай, Бексұлтан Нұржекеұлы, Софы Сматаев, Ахметжан Аширов, Любовь Шашковаға тапсырылды. 2024 жылы Темірхан Медетбек, Валерий Михайлов, Исраил Сапарбай аталған атаққа ие болды. 2025 жылы Марфуға Айтхожина мен Ғаббас Қабышов марапатталған еді.
Айта кету керек, 1984-1999 жылдар аралығында “Қазақстанның халық жазушысы” атағын 17 қаламгер иеленген. Олардың қатарында Қадыр Мырза Әли, Зейнолла Қабдолов, Сырбай Мәуленов, Әзілхан Нұршайықов сынды әдебиет алыптары бар.
24 жыл үзілістен кейін 2023 жылдан бастап қайта жаңғырған бұл атақ ұлттық әдебиетке сіңірген еңбекті айқындайтын жоғары марапат ретінде бағаланып отыр. Жүрсін Ерманның осы тізімге қосылуы – айтыс пен поэзияның рухани кеңістіктегі салмағын тағы бір мәрте айқындаған шешім.