Түркістанда ер адам достарымен бірге өз әйелін скотчпен байлап, жындыханаға жатқызған
Түркістанда отбасылық жанжал қылмыстық іске ұласып, негізгі сотталушы 9 жылға бас бостандығынан айрылды
Түркістан қаласында жұбайын күштеп психиатриялық орталыққа жатқызған ер адам мен оның екі танысына сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Түркістан облысы сотының баспасөз қызметі мәліметінше, іс материалдарына сәйкес, ерлі-зайыптылар арасындағы жанжалдан кейін күйеуі әйелін психиатриялық стационарға заңсыз орналастыруды жоспарлаған. Бұл әрекетті ол жалғыз емес, алдын ала келісіп, екі танысының көмегімен жүзеге асырған.
Сотта анықталғандай, олар жәбірленушінің қарсылығына қарамастан, қол-аяғын скотчпен байлап, күштеп Шымкент қаласындағы Облыстық психикалық денсаулық орталығына апарған. Сол жерде күйеуі қажетті құжаттарға қол қойып, әйелін стационарға заңсыз түрде жатқызған.
Осы оқиғадан бөлек, сотталушының үйінен атыс қаруына арналған 16 дана жауынгерлік патрон табылған. Ол оқ-дәрілерді заңсыз сақтағаны да дәлелденді.
Сот ер адамды адам ұрлау, психиатриялық мекемеге заңсыз орналастыру және оқ-дәрілерді заңсыз сақтау баптары бойынша кінәлі деп таныды. Ал оған көмектескен екі танысы адам ұрлауға және заңсыз орналастыруға жәрдемдескені үшін жауапқа тартылды.
Сот үкімімен негізгі айыпталушы 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Қалған екі сотталушының әрқайсысы 8 жылға сотталды.
Сондай-ақ сот шешімімен жәбірленушіге келтірілген моральдық зиян үшін негізгі айыпталушыдан 5 млн теңге, ал оның екі танысынан 3 млн теңгеде, 6 млн теңге өндірілетін болды.
Жаза тағайындау кезінде сот олардың кәмелетке толмаған балалары барын ескерді. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.