Жетісуда Конституциялық реформалар талқыланды: бір палаталы Парламент пен жаңа басқару үлгісі ұсынылды
Референдум қарсаңында коалиция аймақ активімен кездесіп, саяси жүйедегі басты өзгерістерді түсіндірді
Талдықорған қаласындағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясы Жетісу облысының активімен кездесу өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жиында жаңа Конституция жобасы мен алдағы республикалық референдумның мәні түсіндіріліп, саяси жүйеде көзделген өзгерістер талқыланды.
Кездесу барысында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, коалиция төрағасының орынбасары Аида Балаева ұсынылып отырған реформалардың саяси және әлеуметтік мазмұнына тоқталды. Оның мәліметінше, Мемлекет басшысының бастамасымен әзірленген өзгерістер мемлекеттік басқарудың әділ, орнықты әрі тиімді моделін қалыптастыруға бағытталған.
Реформалар пакетінің негізгі бағыттарының бірі – бір палаталы Парламент құру. Министрдің айтуынша, бұл қадам заңнамалық үдерісті жеделдетіп, институттардың жауапкершілігін арттыруға тиіс. Сондай-ақ референдум өткізу туралы шешім азаматтардың тағдыршешті өзгерістерге тікелей қатысуын қамтамасыз ететін демократиялық тетік ретінде қарастырылып отыр.
Мәжіліс депутаты Болат Керімбек жаңа жоба Конституцияның әлеуметтік және құндылықтық мазмұнын күшейтуге бағытталғанын жеткізді. Оның пайымынша, негізгі заң қауіпсіздік пен әділдіктің нақты кепілдігі ретінде қабылдануы керек.
Жиынға Мәжіліс депутаты Никита Шаталов, Абай атындағы ҚазҰПУ басқарма төрағасы – ректоры Болат Тілеп, «Қазақстан халқына» ҚҚ басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасы Жұлдызай Ысқақова, Жетісу облыстық мәслихатының төрағасы Гүлнар Тойлыбаева және Жетісу облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт қатысты.
Болат Тілептің мәліметінше, жаңа Конституция мазмұнында «Әділетті Қазақстан» идеясының тұғырнамалық негіздері көрініс тапқан. Ал Жұлдызай Ысқақова неке институтын ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқылы одағы ретінде конституциялық деңгейде бекіту нормалары құқық қолдану тәжірибесінде бірыңғай ұстаным қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Ермек Келемсейіт Парламент атауын Құрылтай деп өзгерту бастамасын тарихи сабақтастықпен байланыстырды. Оның пікірінше, бұл ұсыныс ұлттық бірегейлікті нығайтуға бағытталған қадам ретінде бағаланады.
Гүлнар Тойлыбаеваның айтуынша, жаңартылған Ата заңда әділдік, заң мен тәртіп, табиғатқа жауапкершілік сияқты қағидаттар алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілмек. Сонымен қатар мемлекеттік биліктің қайнар көзі – халық екені нақты айқындалып, білім, ғылым, мәдениет, инновация және адами капиталды дамыту басымдық ретінде көрсетілген.
Кездесу соңында өңірлік актив өкілдері сұрақтарын қойып, түсіндіру жұмысына қатысты ұсыныстарын білдірді. Ұйымдастырушылар референдумға қатысу азаматтық жауапкершіліктің маңызды көрінісі екенін атап өтті.