$ 489.99  580.25  6.38
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Цифрландыру мен мәдени серпіліс: Балаева министрлікке жаңа бағыт жүктеді

Мәдениет пен ақпарат саласын кешенді жаңғырту, цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізу – негізгі басымдық ретінде айқындалды

Цифрландыру мен мәдени серпіліс: Балаева министрлікке жаңа бағыт жүктеді
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Астанада ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен министрліктің кеңейтілген алқа отырысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жиында 2025 жылғы жұмыстың қорытындысы шығарылып, алдағы кезеңге арналған стратегиялық бағыттар белгіленді. Кеңейтілген отырысқа вице-министрлер, комитет төрағалары, ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары мен салалық құрылым өкілдері қатысты. Күн тәртібінде – мәдениет пен ақпарат саласын заман талабына сай қайта бейімдеу, институционалдық өзгерістерді жеделдету және цифрлық трансформацияны тереңдету мәселелері.

Аида Балаеваның мәліметінше, Негізгі заңға енгізілген өзгерістер ұлттық мәдениетті қолдау мен тарихи-мәдени мұраны сақтау ісін конституциялық деңгейде бекітті. Бұл – мәдени саясаттың ендігі жерде тек салалық емес, мемлекеттік стратегиялық басымдық ретінде қаралатынын білдіреді. Министр мәдениет пен ақпарат кеңістігін жаңғыртуда жүйелілік пен ұзақмерзімді көзқарас қажет екенін атап өтті.

Отырыста жаңа Конституция жобасында сөз бостандығына кепілдік беретін және азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқықтарын қорғауды көздейтін нормалардың енгізілгені де сөз болды. Осыған байланысты министрлік қызметіне заманауи цифрлық шешімдерді енгізу, жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалану міндеті қойылды. Аида Балаеваның тапсырмасымен саланың бірыңғай әрі кешенді цифрлық даму стратегиясы әзірленуі тиіс.

Алқа барысында мәдениет саласын дамыту, креативті индустрияларды жүйелі қолдау, ақпараттық саясаттың сапасын арттыру, азаматтық қоғам институттарының әлеуетін күшейту, сондай-ақ мемлекеттік жастар және отбасы саясатын тиімді іске асыру мәселелері кеңінен талқыланды. Әр бағыт бойынша нақты тетіктерді қайта қарау, ведомствоаралық ықпалдастықты күшейту қажеттігі айтылды.

Жиынды қорытындылаған Премьер-Министрдің орынбасары алдағы кезеңде бастамашылдық пен жауапкершілік басты талап болатынын жеткізді. Ведомствоаралық үйлесімді жұмысты қамтамасыз ету және қойылған міндеттердің сапалы әрі уақытылы орындалуы қатаң бақылауда болатыны атап өтілді.