Атырауда 321 млн теңге көлік салығы төленбей отыр
4 246 адам берешекке батқан, қарыздың 95 млн теңгесі – өсімпұл
Атырау облысында 4 246 жеке тұлға көлік салығын уақытында төлемей, 321 млн теңге берешек жиналған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, аталған соманың 226 млн теңгесі – негізгі қарыз, ал 95 млн теңгесі мерзімі өткен төлемдерге есептелген өсімпұл. Сонымен қатар мүлік салығы бойынша 10 415 адамның 50 млн теңге берешегі бар.
Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, жеке тұлғалар көлік салығын жыл сайын тұрғылықты жері бойынша 1 сәуірге дейін төлеуі тиіс. Ал мүлік салығын төлеу мерзімі – 1 қазан. 2025 жыл үшін есептелген мүлік салығы 2026 жылдың 1 қазанына дейін өтелуі қажет.
Департаменттің түсіндіруінше, салық мерзімінде төленбеген жағдайда алдымен ескерту-хабарлама жолданады. Егер берешек өтелмесе, салық бұйрығы шығарылып, іс жеке сот орындаушыларына беріледі. Одан кейін мәжбүрлі өндіріп алу шаралары қолданылады.
Биылдан бастап салық салу тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізілді. Енді жеңіл көлік 10 жылдан асқан жағдайда есептелетін салық 30% төмендетіледі. Ал 20 жылдан асқан автокөліктер үшін төлем мөлшері 2 есе азаяды. Сонымен қатар шаруа қожалықтары 1 пикап көлігі үшін салық төлеуден босатылды.
Қымбат мүлік иелеріне қатысты да жаңа талап күшіне енді. Егер азаматтың барлық жылжымайтын мүлкінің жалпы құны 450 млн теңгеден асса, осы сомадан асқан бөлігіне 2% қосымша салық салынады. Яғни мүлік құны артқан сайын салық жүктемесі де өседі.
Салық органдары азаматтарды төлемдерді уақытылы өтеуге шақырады. Өйткені берешек көбейген сайын өсімпұл да артып, іс сот орындаушыларының қарауына өтеді.