$ 489.99  580.25  6.38
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Референдум қарсаңында тәуелсіз бақылау күшейеді

«ДАУЫС» коалициясы жаңа Конституция бойынша өтетін жалпыхалықтық референдумға бақылаушы ретінде қатысатынын мәлімдеді

Референдум қарсаңында тәуелсіз бақылау күшейеді
Фото: «ДАУЫС» қоғамдық бақылаушылар коалициясы

«ДАУЫС» қоғамдық бақылаушылар коалициясы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау мәселесіне арналған жалпыхалықтық референдумға тәуелсіз байқаушы ретінде қатысатынын ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Коалиция өкілдерінің мәлімдеуінше, Конституция – мемлекеттік билік тармақтарының құрылымын айқындайтын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін және ел дамуының негізгі бағыттарын бекітетін басты құқықтық құжат. Сондықтан мұндай тарихи шешімдер барынша ашық, заң талаптарына сай әрі әділ үдеріс арқылы қабылдануы тиіс.

Ұйым референдумның барлық кезеңінде қоғамдық бақылауды қамтамасыз етуді негізгі міндеті ретінде айқындап отыр. Бақылау жұмысы республика көлемінде жүйелі түрде ұйымдастырылады. Байқаушылар дауыс беру учаскелері ашылған сәттен бастап қорытынды хаттамалар жасалғанға дейін өз міндеттерін атқарады.

Коалицияның ұстанымы бойынша, қоғамдық сенім декларативті ұранмен емес, нақты әрекет пен заңдылықты сақтау арқылы қалыптасады. Тәуелсіз бақылау – дауыс беру үдерісінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ететін негізгі тетіктердің бірі.

«ДАУЫС» коалициясы өздерін ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтардың бірлестігі ретінде таныстырады. Ұйымның пайымынша, әрбір азаматтың дауысы ескеріліп, еркі әділ түрде көрініс табуы – ортақ жауапкершілік. Осы бағытта коалиция референдум күні қоғамдық бақылау жүргізуді көздеп отыр.