Бақыт Нұрмұханов Конституция преамбуласындағы маңызды штрихтарға тоқталды
Астанада «Референдум-2026» онлайн марафоны өтіп жатыр
Астанада «Референдум-2026» онлайн-марафоны басталды. Жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған ақпараттық алаңда Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституция преамбуласындағы маңызды штрихтарға тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның сөзінше, осы уақытқа дейін тек БАҚ пен әдебиетте қолданылып келген «Ата Заң» ұғымы енді еліміздің бас құжатының ресми мәтінінде бекітілмек.
«Бұрын біз «Ата Заң» сөзін тек мақалалар мен журналдарда ғана қолданатын едік. Ал жаңа жобада бұл ұғым ресми заңнамалық мәртебеге ие болып отыр. Қазіргі жобаның соңында «біртұтас Қазақстан халқы еліміздің Ата Заңын — Конституциясын қабылдаймыз» деп нақты жазылған. Бұл сөздің артында үлкен мағына мен тарихи салмақ жатыр», — деді ол.
Ол преамбуладағы тағы бір маңызды штрихқа тоқталды.
«Жаңа жобада «Қазақстан халқы» емес, «біртұтас Қазақстан халқы» деген анықтама берілген. Бұл еліміздегі 100-ден астам ұлт пен 20-ға жуық конфессияның бірлігін заң жүзінде бекемдейді. Сонымен қатар Конституцияда алғаш рет Қазақстанның байырғы жеріндегі мыңдаған жылдық мемлекеттілік тарихының сабақтастығы атап өтілген. Бұл біздің 1991 жылдан ғана басталған «жас мемлекет» емес, тамыры тереңде жатқан ел екенімізді айғақтайды», – деді төраға орынбасары.