$ 496  588.01  6.42
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Луврдағы 10 млн еуролық алаяқтық: музей қызметкерлері мен гидтер ұсталды

Бір реттік билетті қайта-қайта өткізіп, туристерді бөлшектеп кіргізген желі 10 жыл бойы жұмыс істеген

Луврдағы 10 млн еуролық алаяқтық: музей қызметкерлері мен гидтер ұсталды
Фото: istockphoto.com

Париж полициясы Лувр музейінде билетке қатысты алаяқтық жасады деген күдікпен 9 адамды ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Reuters агенттігінің мәліметінше, алдын ала дерек бойынша, заңсыз әрекеттер салдарынан музейге шамамен 10 млн еуро көлемінде шығын келген.

Париж прокуратурасының мәліметінше, күдіктілердің арасында Луврдың 2 қызметкері, бірнеше экскурсовод және топтың ықтимал ұйымдастырушысы бар. Тергеу 2024 жылғы желтоқсанда басталған. Сол кезде музей әкімшілігі 2 қытайлық гидтің бір реттік билетті бірнеше рет пайдаланып, туристік топтарды заңсыз өткізіп жүргенін анықтаған.

Бақылау камералары мен жедел іс-шаралар барысында гидтердің бір билетті қайта-қайта қолданғаны расталған. Сонымен қатар олар туристерді шағын топтарға бөліп кіргізу арқылы экскурсия жүргізуге арналған қосымша төлем төлеуден жалтарған. Бұл төлем топ санына қарай 20-90 еуро аралығында белгіленген.

Тергеу барысында соңғы 10 жыл бойы жұмыс істеген тұтас желі әшкереленген. Құқық қорғау органдарының дерегінше, топ мүшелері күніне 20-ға дейін туристік топты заңсыз кіргізіп отырған болуы мүмкін. Ұсталған музей қызметкерлері қолма-қол сыйақы үшін билеттерді тексермей, заңсыз әрекетке көз жұмды деген күдікке ілінді.

Тергеу мәліметіне сәйкес, заңсыз жолмен алынған қаражат Франция мен Дубайдағы жылжымайтын мүлікке инвестицияланған. Тінту кезінде күдіктілерден шамамен 1 млн еуро қолма-қол ақша және банктерде сақталған 500 мың еуро тәркіленген.

Прокуратура өкілдері осындай схема Версаль сарайы кешенінде де қолданылғанын мәлімдеді. Алайда бұл дерек бойынша егжей-тегжейлі ақпарат жарияланған жоқ.

Айта кетейік, 2026 жылғы қаңтардан бастап Луврға жеке кіру билеті Еуроодақ азаматтары үшін 22 еуро, ал өзге ел азаматтары үшін 32 еуро тұрады. Топтық сапар аясындағы бір билет бағасы – 28 еуро.