Qarakesek ісі сотқа жетті: әншіге есірткіге қатысты айып тағылды
Репэр Омар Амантаевқа Қылмыстық кодекстің 296-бабы 3-бөлігі бойынша айып тағылып отыр. Іс 18 ақпанда қаралады.
Qarakesek лақап атымен танымал әнші Омар Амантаевқа қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, іс №2 Ақтөбе қалалық сотында қаралады. Басты сот талқылауы 18 ақпан сағат 14:30-ға белгіленген.
Сот кабинетіндегі ақпаратқа сәйкес, әншіге ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 3-бөлігі бойынша айып тағылған. Бұл бап есірткі, психотроптық заттармен және сол тектес құралдармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеуге қатысты. Сотқа дейінгі тергеу барысында қылмыстық-процестік заң талаптары бұзылмаған. Айыпталушы іс материалдарымен танысып, ешқандай шағым немесе өтініш бермеген.
Еске салсақ, 2025 жылдың күзінде Ақтөбеде рэп орындаушысы Qarakesek есірткіге мас күйде көлік басқарғаны үшін ұсталған болатын. Сот шешімімен ол 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылған.
Аталған оқиғадан кейін есірткі құралдарын заңсыз пайдалану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Егер Қылмыстық кодекстің 296-бабы 3-бөлігімен тағылған айып дәлелденсе, айыпталушыға 200 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылуы немесе 50 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.