Бүгін бірнеше өңірде екпінді жел мен қалың қар күтіледі: синоптиктер ескерту жасады
Қазгидромет бірнеше өңірде екпінді жел мен қалың қарға байланысты ескерту жариялады
14 ақпанда ел аумағының басым бөлігінде ауа райы күрт құбылып, қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазгидромет» синоптиктерінің болжауынша, оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде жауын-шашын күшейеді. Түркістан облысы мен Шымкентте жаңбыр мен қар аралас жауын жауып, таулы аумақтарда жауын-шашын мөлшері нормадан асуы мүмкін. Жолдарда көктайғақ болып, тұман түседі.
Алматы мен Қонаевта да тұман мен көктайғақ күтіледі. Алматы облысының таулы аудандарында қалың қар жаууы ықтимал. Жетісу облысында жолдардың тайғақтығымен қатар, Алакөл маңында желдің жылдамдығы 25 м/с-қа дейін күшейеді.
Батыс өңірлерде ауа райы да тұрақсыз болады. Атырау облысында шаңды боран соғып, жел екпіні 20 м/с-қа жетеді. Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында қою тұман түсіп, көріну мүмкіндігі шектеледі. Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында жаяу бұрқасын күтіледі.
Солтүстік Қазақстан облысы мен Петропавлда екпінді желдің жылдамдығы 20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Мамандар жол қозғалысына қатысушыларға сақ болуды, алыс жолға шығар алдында ауа райы болжамын ескеруді ұсынады. Қолайсыз метеожағдайлар бірқатар өңірде көлік қозғалысына және коммуналдық қызметтердің жұмысына әсер етуі ықтимал.