$ 494.75  586.77  6.38
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

3,83 млрд теңгелік жоба іске аспай қалды: сот Семей әкімдігінен қыруар қаражат өндірді

Іске аспаған қалдықтарды басқару жобасына байланысты сот шешімі заңды күшіне енді

3,83 млрд теңгелік жоба іске аспай қалды: сот Семей әкімдігінен қыруар қаражат өндірді
Фото: istockphoto.com

Абай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Семей қаласының әкімдігі мен мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыннан әрқайсысынан 40 млн теңгеден өндіріп алу туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Іс материалдарына сәйкес, қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жаңғырту жобасы 2021 жылы Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) қатысуымен басталған. Сол кезеңде Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, Семей қаласының әкімдігі, «Көпсалалы пайдалану кәсіпорны» МКК және ЕҚДБ арасында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға қолдау көрсету жөнінде келісім жасалып, коммуналдық кәсіпорынға 3,83 млрд теңге көлемінде кредиттік желі ашылған.

Алайда 2022 жылы жоба іс жүзінде тоқтап қалған. Семей қаласы әкімдігі коммуналдық кәсіпорын міндеттемелерін тоқтату туралы өтініш жасағаннан кейін ЕҚДБ келісімді бұзып, берешекті мерзімінен бұрын өтеуді талап еткен. Құқықтық сүйемелдеу шығындарын қоса есептегенде, жалпы берешек көлемі 120,9 млн теңгеден асқан.

Абай облысы құрылғаннан кейін міндеттемелерді кім өтейтіні жөніндегі мәселе күрделене түскен. Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өз аумағынан тыс жобаларды қаржыландыруға құқықтық негіз жоқ екенін мәлімдесе, Абай облысының әкімдігі халықаралық қаржы институты алдындағы берешекті өтеуден бас тартқан.

ЕҚДБ-мен әріптестік қатынасты сақтау мақсатында Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі қарызды өз қаражаты есебінен жауып, келісімге қатысушыларға қатысты регрестік талаппен сотқа жүгінген.

Сот отырысы барысында Семей қаласы әкімдігінің өкілдері жобаның іске аспағанын және әкімдік кредиттік шарттың тарапы емес екенін алға тартқанымен, сот бұл уәждерді негізсіз деп тапқан. Сот келісім шарттарына сәйкес барлық қатысушы тараптар ЕҚДБ алдында ортақ міндеттеме көтергенін және жауапкершілік тең дәрежеде бөлінетінін анықтаған.

Нәтижесінде сот Семей қаласының әкімдігі мен мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыннан әрқайсысынан 40 млн теңгеден, сондай-ақ мемлекеттік бажды бюджет кірісіне өндіру туралы қаулы шығарды. Сот шешімі заңды күшіне енді.