$ 494.75  586.77  6.38
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Бас редакторлар дөңгелек үстелде Конституция жобасына қатысты ортақ ұстаным білдірді

Астанада өткен дөңгелек үстелде сөз бостандығы, ақпарат үшін жауапкершілік және жеке деректерді қорғау мәселелері талқыланды

Бас редакторлар дөңгелек үстелде Конституция жобасына қатысты ортақ ұстаным білдірді
Фото: «Бас редакторлар клубы» ҚБ баспасөз қызметі.

9 ақпанда Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өткен дөңгелек үстелде медиа саласының өкілдері жаңа Конституция жобасын қолдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бас редакторлар клубының ұйымдастыруымен өткен «Конституциялық реформа – 2026: сөз бостандығы, ақпарат үшін жауапкершілік және жеке деректерді қорғау» тақырыбындағы жиынға жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, медиа сарапшылар және ардагер журналистер қатысты. Іс-шараны Сенат депутаты, Бас редакторлар клубының төрағасы Бибігүл Жексенбай жүргізді.

Жиында конституциялық реформаның негізгі бағыттары, сөз бостандығының қазіргі мазмұны, ақпарат таратудағы құқықтық жауапкершілік, жала мен ар-намыс мәселелері жан-жақты талқыланды. Қатысушылар демократиялық қоғамда сөз бостандығын сақтау мен азаматтардың жеке деректерін қорғау арасындағы құқықтық тепе-теңдікті нақты айқындау қажеттігін атап өтті.

Талқылау барысында Мәжіліс депутаты М.С. Башимов, «Қазақстан» РТРК» АҚ төрағасы Е. Бұрахан, «Хабар» агенттігі» АҚ төрағасы К.Б. Ойшыбаев, «Qazcontent» АҚ төрағасы А. Задабек және өзге де сала өкілдері медиа кеңістіктің өзекті мәселелері жөнінде баяндама жасады. Алматы қаласы, Алматы облысы, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Түркістан және Атырау өңірлерінен онлайн қосылған журналистер мен медиа басшылары да ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Жиын қорытындысы бойынша дөңгелек үстелдің резолюциясы қабылданып, онда сөз бостандығын, бұқаралық ақпарат құралдарының еркіндігін және ақпарат алу мен тарату құқығын Конституция деңгейінде нақты бекіту қажеттігі көрсетілді. Сонымен қатар ақпарат таратудағы жауапкершілік нормалары әділ әрі теңгерімді болуы, жалған ақпарат пен жала үшін көзделетін құқықтық тетіктер журналистік зерттеу жүргізуге және қоғамдық маңызы бар сын айтуға кедергі келтірмеуі тиіс екені атап өтілді.

Құжатта цифрлық кеңістіктегі жаңа қауіп-қатерлерге құқықтық жауап беруді күшейту, азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін және жеке өмірге қол сұқпаушылықты қорғау нормаларын халықаралық тәжірибеге сәйкес нақтылау ұсынылды. Медиа қауымдастық конституциялық реформаны кәсіби әрі жауапкершілікпен жариялау арқылы қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтуға атсалысуға дайын екенін білдірді.