Сақылдаған сары аяз: мегаполистер мен 17 өңірде дауылды ескерту жарияланды
10 ақпанда елдің басым бөлігінде қар, бұрқасын, көктайғақ және секундына 28 м-ге дейін жететін жел күтіледі
«Қазгидромет»10 ақпанда Астана, Алматы, Шымкент және Қазақстанның 17 өңірінде қолайсыз ауа райына байланысты дауылды ескерту жариялағанын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Синоптиктердің мәліметінше, елдің бірқатар аймағында қар, аралас жауын-шашын, бұрқасын, тұман және көктайғақ байқалады. Кей өңірлерде желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшейіп, жекелеген аумақтарда 23–28 м/с-қа жетеді.
Атырау облысында қар жауып, бұрқасын соғады, түнгі және таңғы уақытта тұман мен көктайғақ күтіледі. Жел солтүстік-батыстан және батыстан соғып, екпіні 20 м/с-қа дейін күшейеді. Жетісу облысының солтүстігі мен таулы аудандарында тұман түсіп, жолдарда көктайғақ қалыптасуы мүмкін.
Түркістан облысының оңтүстігі мен батысында, сондай-ақ таулы өңірлерінде қатты жауын-шашын болжанады. Шымкент пен Түркістан қалаларында түнде және таңертең нөсер жауын жауып, жел 20 м/с-қа дейін күшейеді.
Маңғыстау облысында қар, көктайғақ және жаяу бұрқасын күтіледі. Ақтауда да осындай жағдай сақталып, желдің екпіні 20 м/с-қа дейін жетеді.
Астанада аралас жауын-шашын, көктайғақ және күндіз жаяу бұрқасын болжанады. Желдің екпіні 15–20 м/с, кей уақытта 23 м/с-қа дейін күшейеді.
Ұлытау, Қарағанды, Ақмола облыстарында жауын-шашынмен қатар бұрқасын, тұман және көктайғақ сақталады. Жекелеген аумақтарда желдің екпіні 28 м/с-қа дейін жетуі ықтимал. Жезқазған, Қарағанды және Көкшетау қалаларында да жол жағдайы күрделенуі мүмкін.
Жамбыл, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе және Абай облыстарында аралас жауын-шашын, тұман, көктайғақ және бұрқасын болжанады. Тараз, Қызылорда, Петропавл және Семей қалаларында жел күшейіп, көру қашықтығының төмендеуі ықтимал.
Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарында да қар мен жаңбыр аралас жауын-шашын, бұрқасын және көктайғақ күтіледі. Өскемен мен Павлодарда желдің екпіні 20 м/с-қа дейін жетеді.
Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында қар жауып, жаяу бұрқасын соғады, кей жерлерде тұман түседі. Орал қаласында түнде қарлы боран ықтимал.
Алматы облысының бірқатар ауданында тұман күтіліп, желдің екпіні 17–22 м/с-қа дейін күшейеді. Алматы қаласында түнгі және таңғы уақытта тұман түсуі мүмкін, ал Қонаевта желдің күшеюі болжанып отыр.
Метеорологтар жол қозғалысына қатысушыларға сақ болуды, алыс сапарды шектеуді және ауа райы күрт өзгерген жағдайда қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ұсынады.