Елнұр Бейсенбаев Президент Әкімшілігінде лауазымды қызметке тағайындалды
Ақорда арнайы хабарлама жариялады
Елнұр Бейсенбаев Президент Әкімшілігінде лауазымды қызметке тағайындалғаны хабарланды, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Мемлекет басшысының өкімімен Елнұр Сабыржанұлы Бейсенбаев Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды», – делінген Ақорданың хабарламасында.
Елнұр Бейсенбаев Сабыржанұлы, 1986 жылы 27 маусымда сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында дүниеге келді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі. Саясаттанушы, әлеуметтік ғылымдар магистрі. 1993 жылы Кентау қаласында Бауыржан Момышұлы атындағы №12 жалпы орта мектебінің бірінші сыныбына барды.
- 1995 жылы отбасымен Алматыға қоныс аударып, әрі қарай сол жақтағы №93 орта мектепті аяқтады. 2004 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетіне оқуға түсті.
- Еңбек жолын «Жастар үні» Жастар қоғамдық ұйымында маман ретінде бастап, кейіннен 2009 жылы төраға болып тағайындалды.
- 2012-2015 жылдары тарих пәнінің мұғалімі, Қазақстан коммунистік халық партиясының Алматы қалалық филиалында идеология және насихат жөніндегі хатшы қызметтерін қоса атқарды.
- 2016 жылдан 2017 жылға дейін Алматы қаласы әкімдігінің жастар жобалары және ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің басшысы, жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы лауазымдарында еңбек етті.
- 2017 жылы 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы өткізу барысында 3 000 волонтер жұмысын ұйымдастырып, оларға басшылық етті. Бұл – бүгінгі күнге дейін рекордтық әлемнің 57 елінен спортшылар қатысқан спорттық дода.
- 2017 жылдан 2018 жылға дейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде 5000-нан астам студент білім алып тұрған тұста, тәрбие жұмысы департаментінің директоры болып жұмыс атқарды.
- 2019 жылы Астана қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі болды. Бұл қызметте қаланың әлеуметтік саласын жетілдіру бойынша, сондай-ақ көпбалалы отбасылармен жұмыс жүргізілді.
- 2020 жылы «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы болып сайланды.
- 2021 жылғы қаңтардан 2023 жылғы қаңтарға дейін – VII шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.
- 2023 жылғы қаңтардан 2023 жылғы тамыз – «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы.
- 2023 жылдың наурызынан бастап қазіргі уақытқа дейін – VIII шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі.
Қызметінде қол жеткізген нәтижелері үшін «Құрмет» орденімен (2021 ж.), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» (2016 ж.), «Халық алғысы» (2020 ж.), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» (2021 ж.) медальдарымен, Қазақстан Республикасының тұңғыш президентінің (2016 ж., 2020 ж.), Қазақстан Республикасының президенті Қ.К. Тоқаевтың (2019 ж., 2020 ж.) алғыс хаттарымен марапатталған.