$ 498.65  589.06  6.49
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Елде қызылша өршіп тұр: ең көп жағдай тіркелген өңірлер белгілі болды

Қызылшаға қарсы профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар күшейтілді

Елде қызылша өршіп тұр: ең көп жағдай тіркелген өңірлер белгілі болды
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда қызылшаға байланысты эпидемиологиялық ахуал әлі де күрделі күйінде қалып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бүгін министрлікте қызылша бойынша республикалық штабтың отырысы өтіп, оған өңір әкімдерінің орынбасарлары, денсаулық сақтау басқармалары мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің басшылары қатысты. Жиында елдегі нақты жағдай, алдын алу тетіктерін күшейту және халықты вакцинациямен қамтуды арттыру мәселелері кеңінен талқыланды.

Министрлік барлық қажетті шараларды қолға алғанымен, індеттің таралуын толық тоқтатуға әлі мүмкіндік болмай отыр. Мамандардың мәліметінше, аурудың негізгі себебі вакцинациядан жаппай бас тарту. Өткен жылдың соңынан бері қызылшаға шалдығу көрсеткіші тұрақты өсіп келеді. Ауру жұқтырғандардың басым бөлігі екпе алмаған азаматтар екені анықталған.

Эпидемиологиялық талдау нәтижесі бойынша науқастардың 79% мүлде вакцинацияланбаған, 8,4% екпенің толық курсын алмаған, ал шамамен 10%-ның иммундық мәртебесі белгісіз. Ерекше алаңдатарлығы екпе алмаған балалардың шамамен 59%-ы ата-анасының шешімімен вакцинациядан тыс қалған.

Жыл басынан бері республика бойынша қызылшаның 1 951 жағдайы тіркелді. Науқастар ең көп анықталған өңірлер қатарында Астана қаласы (581 жағдай), Жамбыл облысы (339), Алматы қаласы (317) және Алматы облысы (146) тұр.

Мамандар қызылшаның аса жұқпалы вирустық ауру екенін ескертеді. Вакцинация болмаған жағдайда дерт ауыр өтіп, пневмония, есту қабілетінің төмендеуі, жүйке жүйесінің зақымдануы, энцефалит сияқты қауіпті асқынуларға, тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, қызылшадан кейін адамның иммундық жүйесі ұзақ уақыт әлсірейді.

Әсіресе жас балалар, екпе алмаған ересектер, жүкті әйелдер, сондай-ақ созылмалы ауруы бар және иммунитеті төмен адамдар қатер тобында. Жүкті әйелдер үшін қызылша түсік тастауға, мерзімінен бұрын босануға және ауыр асқынуларға соқтыруы ықтимал.

Дәрігерлердің айтуынша, қызылшадан сақтанудың ең тиімді әрі сенімді жолы – вакцинация. Екпе қауіпсіз, жеңіл қабылданады және инфекциядан, оның ауыр салдарынан сенімді қорғайды.