Алматы облысында халықаралық іздеуде жүрген Тәжікстан азаматы ұсталды
Ауыр қылмыстарға қатысы бар күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды
Алматы облысында мемлекетаралық іздеуде болған Тәжікстан Республикасының азаматы қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, 30 қаңтарда «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында облыс аумағында іздеуде жүрген тұлғаларды анықтауға бағытталған локальды-рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында республикалық маңызы бар Алматы – Бішкек автожолы бойында орналасқан қоғамдық тамақтану орындарының бірінде ер адам ұсталған. Тексеру нәтижесінде оның 1994 жылы туған, Тәжікстан Республикасының азаматы екені анықталды. Күдікті Тәжікстанның қылмыстық заңнамасына сәйкес ауыр қылмыстар жасады деген күдікпен мемлекетаралық іздеуде болған.
Бұған дейін аталған азаматқа қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланған. Қазіргі уақытта ол Қарасай аудандық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалып, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес барлық қажетті процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп жатыр.