Нұрайдың қазасы: Шымкентте күдіктіге үш бірдей ауыр бап тағылып, өмір бойына сотталуы мүмкін
Аса қатыгездікпен жасалған қылмыс үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып отыр
Шымкент қаласында Нұрай Серікбайды өлтірді деген күдікпен ұсталған азаматқа қатысты қылмыстық іс қайта сараланып, бірден үш ауыр бап бойынша айып тағылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазіргі таңда күдікті өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Тергеу мәліметінше, қылмыс “аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру” ретінде бағаланып отыр. Бұл бапта 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Күдіктіге Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігінің 5-тармағы - аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру, 125-1-бап-некеге мәжбүрлеу және 115-1-бап - сталкинг бойынша айып тағылды.
Еске салсақ, қайғылы оқиға 11 қаңтар күні Шымкентте болған. Қала тұрғыны Нұрай Серікбай пышақ жарақаттарынан қаза тапқан. Қылмысқа дейін күдіктінің марқұмды ұзақ уақыт бойы қоқан-лоқы көрсетіп, соңына түскені белгілі болды. Қыздың ата-анасы полицияға бірнеше рет арызданғанымен, ол кезде қылмыстық іс қозғалмаған.
Оқиғадан кейін 16 қаңтарда Ішкі істер министрлігі Шымкент қалалық полиция департаментінде қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл іс бойынша құқық қорғау органдарының әрекетіне жан-жақты тексеру жүргізуді тапсырды.
Тексеру нәтижесінде Шымкент қаласы полиция департаментінің басшысы қызметінен босатылып, бірқатар полиция қызметкеріне салғырттық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.