$ 498.65  589.06  6.49
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Атырауда еңбек қауіпсіздігі тағы да сынға түсті: жұмыс барысында 8 жұмысшы қаза тапқан

Өндірістегі салғырттық пен бақылаудың әлсіздігі ондаған адамды мүгедек етті

Атырауда еңбек қауіпсіздігі тағы да сынға түсті: жұмыс барысында 8 жұмысшы қаза тапқан
Фото: Polisia.kz

Атырау облысында былтыр жұмыс орнында болған жазатайым оқиғалар салдарынан 8 адам көз жұмып, 59 жұмысшы ауыр жарақат алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстағы Еңбек инспекциясы департаментінің дерегінше, өңірде 2023 жылы өндірісте жалпы саны 54 жазатайым оқиға тіркелген. Соның ішінде 9 жағдай 2024 жылы орын алғанымен, тергеу былтыр аяқталған. Тексеру нәтижелері көрсеткендей, анықталған оқиғалардың басым бөлігі еңбек қауіпсіздігін дұрыс ұйымдастырмау мен жұмыс берушілер тарапынан ішкі бақылаудың әлсіздігінен болған. Нақтырақ айтқанда, 36 дерек осы олқылықтарға байланысты тіркелсе, 18 жағдайда зардап шеккендердің қауіпсіздік талаптарын сақтамауы себеп болған.

Апаттардың көбі мұнай-газ және құрылыс салаларында тіркеліп отыр. Құзырлы органдардың мәліметінше, мұндай әрбір оқиға арнайы актімен рәсімделіп, міндетті түрде құқық қорғау органдарына жолданады. Қазіргі таңда осы фактілер бойынша 48 қылмыстық іс аяқталып, тағы 6 іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында облыстағы 226 өндірістік нысан еңбек жағдайлары бойынша аттестациядан өткен. Қауіпсіздік талаптарын елемеген 33 мекемеге 12 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Сонымен қатар қолданыстағы кәсіпорындарды міндетті сақтандырумен қамту деңгейі 75,6 пайызға жеткен.

Ал өндірістегі жазатайым оқиғаларды жасыруға тырысқан 17 ұйымға жалпы сомасы 3 миллион 342 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Мамандардың айтуынша, еңбек қауіпсіздігіне немқұрайлы қарау адам өміріне тікелей қауіп төндіріп отыр, ал бұл мәселе жүйелі әрі қатаң бақылауды талап етеді.