500-ден аса жалған құжат: Жаңаөзенде ұйымдасқан топ ұсталды
Полиция шетелдіктерді жасырын кіргізумен айналысқан қылмыстық топты ұстады
Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында шетел азаматтарын Қазақстанға заңсыз кіргізумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдіктілерді 19 қаңтар күні криминалдық полиция қызметкерлері арнайы операция барысында қолға түсірген. Тергеу деректеріне сәйкес, қылмыстық топ мүшелері таяу шет елдерден келген азаматтарға мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуге көмектесіп отырған.
Заңсыз әрекеттері үшін олар шетел азаматтарынан тұрақты түрде ақша алып келген. Тінту барысында күдіктілерден 500-ден астам нотариалдық сенімхат, шетелдік төлқұжаттар, түрлі жалған құжаттар мен байланыс құралдары тәркіленді.
Полиция өкілдері бұл құжаттардың шекарадан өту кезінде пайдаланылуы мүмкін болғанын атап өтті. Аталған дерек бойынша қылмыстық топ ұйымдастырушыларына қатысты Қылмыстық кодекстің «Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Қазіргі таңда құқық қорғау органдары қылмыстық желінің барлық қатысушыларын анықтау және олардың заңсыз әрекеттерінің ауқымын нақтылау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді.