$ 505.71  591.43  6.65
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қоғамдық жауапкершілік артуда: елді біріктірген «Таза Қазақстан» акциясы өңірлерде белсенді жалғасуда

Еліміздің түкпір-түкпірінде қоғамдық кеңістіктер тазартылып, әлеуметтік көмек көрсетілді

Қоғамдық жауапкершілік артуда: елді біріктірген «Таза Қазақстан» акциясы өңірлерде белсенді жалғасуда
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында өңірлерде «Таза бейсенбі» жобасы белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президент Ұлттық құрылтайдың V отырысында сөйлеген сөзінде «Таза Қазақстан» ұлттық идеологияның ажырамас бөлігі екенін атап өтіп, бұл бастаманың бір реттік науқан емес, күнделікті жүйелі еңбек екенін айтқан болатын. Осы идеяны дамыту мақсатында «AMANAT» партиясы «Таза бейсенбі» жобасын тұрақты түрде өткізіп келеді.

Бүгінде жоба еліміздің барлық өңірін қамтып, мыңдаған азаматты игі істерге жұмылдыруда. Қоғамдық орындарды абаттандырумен қатар, мұқтаж жандарға нақты көмек көрсету де басты назарда.

Түркістан облысы Ордабасы ауданында Қажымұқан Мұңайтпасұлының мазарына апаратын жол қар мен қоқыстан тазартылды. Акцияға партия мүшелері, «Жастар Рухы» жастар қанаты, әкімдік қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар қатысты.
 

«Қажымұқандай дара тұлғаның ерлігі жастарға үлгі болуы тиіс. Осындай ізгі бастамалар арқылы біз жас ұрпақты еңбекқорлыққа, тәртіпке және туған жерге жанашыр болуға тәрбиелейміз», – деді Ордабасы аудандық «AMANAT» партиясының төрағасы Әлиасқар Бердімурат.

Ал Ақтөбе облысы Қобда ауданында «Жастар Рухы» волонтерлері жалғызбасты қарт әйелдің үй ауласын қар мен мұздан тазалап, әлеуметтік көмек көрсетті. Аудандық партияның атқарушы хатшысы Нұргүл Ибраева бұл көмектің тұрақты сипатқа ие екенін атап өтті.

Атырау облысы Мақат ауданының Доссор кентінде жаяу жүргіншілер жолдары мен қоғамдық орындар қардан тазартылды. Шамамен 20 адам қатысып, арнайы техника жұмылдырылды. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін мұздан тазалау жұмыстары жүргізілді.

Шымкент қаласының Қаратау ауданында өткен акцияға 70-ке жуық адам және 5 арнайы техника қатысты. Қоғамдық орындар тазартылып, құрғақ ағаштар мен ескі жапырақтар жиналды.
 

«Бұл бір күндік шара емес, күнделікті еңбектің нәтижесі. Экологиялық тәртіп – қоғамдағы жауапкершілікті арттырудың маңызды тетігі», – деді қалалық «AMANAT» партиясы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов.

Қарағанды облысының Ә.Бөкейхан атындағы ауданында Сортировка саябағында қар тазалау жұмыстары жүргізілді. Акцияға партия белсенділері мен аудан тұрғындары қатысты.

Қызылорда облысы Жалағаш ауданында 50-ден астам адам «Тағзым алаңы» саябағын абаттандыруға атсалысты.
 

«Таза бейсенбі – тек қоқыс жинау емес. Бұл – экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған нақты қадам», – деді аудандық партияның атқарушы хатшысы Қаншагүл Мұстафаева.

Ұлытау облысы Сәтпаев қаласында Бабырби аллеясы қардан тазартылса, Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында акция кеңейтілген форматта өтті. Ақжар ауылындағы Жамбыл саябағы мен Aqzhar аллеясынан 3 тоннаға жуық қар шығарылды.