Тоқаев пен Нетаньяху телефон арқылы сөйлесті: екі ел қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтермек
Израиль премьері Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылуын батыл қадам деп бағалады
Израиль тарапының бастамасымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Биньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Әңгіме барысында тараптар Қазақстан мен Израиль арасындағы көпжылдық әрі жан-жақты ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалардағы өзара байланыстардың нығайып келе жатқанына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Биньямин Нетаньяху екіжақты және көпжақты күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ықпалдастықты одан әрі арттыруға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ, байланыстарды жандандыру, соның ішінде жоғары деңгейдегі өзара сапарлар ұйымдастыруға уағдаласты.
Әңгімелесу барысында Израиль премьер-министрі Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу жөніндегі шешімі үшін Мемлекет басшысына ерекше ризашылығын білдірді.
Израиль Премьер-министрі бұл қадамды бейбітшілік, тұрақтылық пен халықаралық диалогты нығайту ісіндегі батыл әрі көреген шешім ретінде бағалады.