$ 509.94  593.88  6.43
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Әскери жарамдылық туралы анықтама енді e-Gov арқылы қолжетімді

Қорғаныс министрлігі «Smart военкомат» жобасы аясында жаңа онлайн қызмет іске қосты

Әскери жарамдылық туралы анықтама енді e-Gov арқылы қолжетімді
Фото: gov.kz

Қазақстан азаматтары енді әскери қызметке жарамдылығы туралы анықтаманы e-Gov электрондық үкімет порталы арқылы оңай ала алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Қорғаныс министрлігі «Smart военкомат» жобасы шеңберінде e-Gov порталының «Жеке кабинетінде» жаңа цифрлық қызметті іске қосты. Енді пайдаланушылар бірнеше минуттың ішінде өзіне қатысты әскери мәліметтерді жүктеп ала алады.

Аталған сервис арқылы азаматтар әскери есепте тұруы, әскери қызметтен өткен кезеңдері, сондай-ақ әлеуметтік төлемдер алуға құқық беретін мерзімдер туралы ақпаратты ала алады. Құжатты жүктеп, мессенджер арқылы жолдауға немесе қағазға басып шығаруға мүмкіндік бар.

Қызметті пайдалану үшін e-Gov порталындағы «Жеке кабинетке» кіріп, «Әскери қызмет» бөлімінде орналасқан «Жүктеу» батырмасын басу жеткілікті.

Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаментінің мәліметінше, болашақта бұл ақпаратты m-Gov мобильді қосымшасы мен екінші деңгейлі банктердің сервистері арқылы да алу мүмкіндігі қарастырылып отыр.

Жаңа цифрлық қызмет құжат жинау процесін едәуір жеңілдетпек. Әсіресе оқу орнына түсу, әскери қызметке шақырылу немесе құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарға жұмысқа орналасу кезінде азаматтардың уақытын үнемдеуге сеп болады.

Ведомство дерегінше, бұл жаңашылдық әскери есеп жүргізу саласындағы ашықтықты арттырып, азаматтар үшін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін кеңейтеді.

Серіктес жаңалықтары